Дәрігерлер мен мұғалімдерді баспанамен қамтамасыз етуге 40 млрд теңге бөлінеді
Пәтер алған мамандар алдағы уақытта баспана құнын өтеп, өзінің атына жекешелендіріп алуға құқылы. Осылайша алдағы 3 жылда 3 мыңнан астам отбасының тұрғын үй мәселесі шешіледі. Ипотекалық бағдарламаның шарты бойынша пәтерді жалдау мерзімі 15 немесе 20 жыл болуы мүмкін. Сондай-ақ алдын ала жарна төлемей-ақ уақытынан бұрын пәтер құнын өтеуге де болады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Әрине, көп жағдайда кадр тапшылығы мамандардың әлеуметтік жағдайына байланысты. Үкімет осы мәселені шешу үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасайды. Біріншіден, маусымнан бастап Елбасы тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 30% көтерілетін болады.
Әділ Мұхамеджанов, Қазақстан ипотекалық компаниясы басқармасының төрағасы:
- Бір бөлмелі пәтердің айлық орташа бағасы 50-60 мың теңге аралығында болады. 2 бөлмелі пәтер 80 мың теңгеге жуықтайды. Артынша 3 бөлмелі баспана 100 мыңнан асады. Мамандардың төлеу қабілеттілігін тексеру үшін табыс көлемін растау мен кепіл болу жүйесін енгіздік.