Хабар телеарнасы

Арнайы экономикалық аймақта тың жобалар жүзеге асырылуда

Оған еліміздегі кәсіпорындар да өз үлесін қосып отыр. Мәселен, шаһар көшелері мен мекемелерге өзімізде шығарылған жарық шамдар орнатылып жатыр. Бұл электр энергиясын 3 есе үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде Wi-Fi модемдер құрастырылатынын бәріміз біле бермейміз. Қазір отандық өнімге алыс-жақын шетелдерден сұраныс көп.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- «Ақылды қала» құру мақсатында бұл компания заманауи тың жобалар құрастыруда. Мәселен, мынау велотренажер 500 ватт электр қуатын береді. Ал бұл орындық күннен қуат алады. Соның арқасында Wi-Fi модеміне қосылып, әуен тыңдауға, сондай-ақ қалта телефонды қуаттауға болады. Мына жаяу жүргінші жолағы менің жақындағанымды көріп, көлік жүргузішілеріне белгі береді.

10 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорынның негізгі мақсаты – заман талабына сай электр қуатын үнемдеуге арналған жарық диодты шамдарды өндіру. Осы жылдар ішінде зауыт мемлекеттік қолдаудың арқасында индустриаландыру картасына еніп, өндіріс толықтай автоматтандырылды. Дайын өнім қала көшелеріндегі бағаналардан бастап, оқу орындары, медициналық мекемелер, өнеркәсіп пен кеңселерде кең қолданыста. Мұнда диодты шамның 100-ге жуық түрі дайындалады.

Ербол Шаймаханов, компанияның басқарушы директоры:

- Бұл технологиялар электр қуатын 3 есе үнемдеуге мүмкіндік береді. Ресей біздің технологияларды қолдануға қызығушылық білдірді.

Ғаламтордың өмірімізге дендеп енгені қашан. Сол әлемдік желіге қосылу үшін шетелдің құрылғыларын пайдаланып келдік. Енді өзгенің қаңсығы бізге таңсық емес. Отандық өнімге бет бұратын кез келді.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- Бұл компанияда 50-ге тарта жұмысшы бар және олар бір ауысым бойынша жұмыс істейді. Келешекте 3 ауысымға ауысу жоспарда бар. Әрине, ол үшін білікті, тәжірибелі мамандар керек. Күніне бұл жерде 300-ге жуық жоғары сапалы Wi-Fi модемдер құрастырылады. Олар БАӘ, Өзбекстан, Тәжікстан сынды елдерге жөнелтіледі.

Жоба авторларының мақсаты – импорттаушыларды ығыстырып, толықтай отандық нарықты жаулау. Бір қызығы, телекоммуникация саласында 14 жылдық тәжірибесі бар кәсіпорынның өнімін қазір өзімізге қарағанда шетелдіктер жақсы алады.

Камила Сиражева, жоба жетекшісі:

- Біздің өнімде қазақстандық бөлшектердің үлесі 82% құрайды. Тұтынушыға баға мен сапа жағын алаңдамауға болады. Арнайы экономикалық аймақтың мүшесі ретінде салықтан босатылып, біршама кедергінің алдын алдық.

Қасымхан Жүзенов, инвестиция және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінде қала аумағында экспортқа бағытталған 8 кәсіпорын бар. Жоба жүзеге асыру сатысында. АЭА инфрақұрылымына арналған бюджет шығындары үш есе мөлшерде қайтарылды.

Бүгінде «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында 302 млрд теңгенің 70 инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Оның ішінде 49 өндіріс іске қосылды.

Авторлары: Мерей Қалиасқар, Әліби Ерел Жүніс, Айбын Құсанбеков