Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Құрметті сенатор» мәртебесі берілді
Сенат қабырғасында өткен рәсімге Елбасы арнайы келіп, еліміздің Жоғары палатасының депутаттары бірауыздан қолдап, ұсынған төсбелгіні кеудесіне тақты. Көрсетілген құрмет үшін және 30 жыл бойы тізе қосып, бірге жұмыс істегені үшін депутаттарға ризашылығын білдірді.
«Құрметті сенатор» мәртебесі Қазақстан Парламенті тарихында тұңғыш рет беріліп отыр және оның алғашқы иегері Нұрсұлтан Назарбаевтың болуы бекер емес. Бүгінгі мәртебе мен құрмет – кешегі қиын күндердің қайтарымы, бүгінгі атақ пен алғыс – өткен өткелдердің өтеуі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Осы аласапыран 30 жылдың ішінде көпшіліктеріңізбен бірге қуанышты да, қиыншылықты да бірге өткізіп, ел-жұртпен бірге қызмет істеп, еңбегімізді сіңіріп келе жатырмыз. Мен арнайы қос палаталы Парламент құрып, заңды сүзгіден өткізіп, өңірлердің ойын ескеру үшін жасадым. Маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру шешімін қабылдағандарыңыз үшін шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін.
«Көп жұмыс істедік», – деді Елбасы. Шынымен атқарылған ауқымды істерді айтып тауысу мүмкін де емес шығар. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде отандық парламентаризмді қалыптастырды. 1996 жылы ел тарихында алғаш рет қос палаталы Парламент құрылды және ол осы жылдар ішінде ешқандай саяси текетірестерге ұрынбай, сапалы заңдарымен елдің дамуына үлес қосты, қосып келеді және қоса да бермек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Ел экономикасын өркендетуге кейінгі кезде көп шара жасадық. Құдайға шүкір, ыстық соғыс болмаса да, әлемде экономика, технология жағынан сұрапыл күрес жүріп жатыр. Біз үшін алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздігімізді сақтап қалып, өзіміздің саясатымызды жүргізіп, солармен дос болып жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Қазір оны айтуға оңай. Барлығы «дәл осылай бола қалған сияқты» деп ойлайды. Бірақ сандаған келіссөз бен мыңдаған кездесу болды. Біз алып елдердің алдында Қазақстан дәрежесін немен көтереміз? Тек қана парасатпен, ақылмен, дұрыс сөзбен және дұрыс қарым-қатынаспен көтере аламыз.
«Бәріміздің істеп жүрген жұмысымыз біреу-ақ», – деді Елбасы. Ол – тәуелсіз Қазақстанның болашағы. Елбасы өз жұмысын аяқтап келе жатқан 6-шақырылымдағы IV сессия депутаттарына атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді. Әрине, сенаторлар да қарымтасыз қалған жоқ.
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Дүниежүзі Қазақстанға құрметпен қарайды. Әрқайсымыз үшін қоғамдағы тұрақтылық, ырғақты даму, ынтымақтастық пен бірлік ұлттық құндылыққа айналды. Сіз түркі әлемінің көк туына айналдыңыз, Жоғарғы ЕЭК Құрметті төрағасы болдыңыз. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз бізге тарихтың жаңа жолын аштыңыз және оның сәтті болатынына біз кәміл сенеміз.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мәртебелі Елбасы, «қасиетті тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – тарих алдындағы ең басты парызым» деп білдіңіз. Сізге «Құрметті сенатор» мәртебесін беру тек Жоғары палата үшін ғана емес, жалпы биліктің заң шығарушы тармағы Парламент үшін үлкен абырой, мәртебе деп түсінеміз. Мұны тәуелсіз Қазақстанды мәңгілік ұлы дала құру жолындағы орасан зор еңбегіңіздің кішкентай ғана өтеуі деп білеміз.
«Құрметті сенатор» қандай да бір шешім не қаулы қабылдайтын атақ емес. Біріншіден, бұл – құрметті атақ. Екіншіден, заң шығарушы жұмыстарға атсалысуға, өз ұсынысын білдіруге мүмкіндік беретін мәртебе. Сенат спикері Дариға Назарбаева «Құрметті сенатордың» құнды пікіріне Жоғары палата әрқашан құлақ асарын да айтты.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Сіз әрқашан Сенатқа келіп, Бюро, комитет және палата отырыстарына қатысып, аса маңызды мәселелер бойынша өзіңіздің көзқарасыңызбен, көреген парасатты ой-пікірлеріңізбен бөлісе аласыз. Бұл мүмкіншілік сенаторлар үшін үлкен мәртебе, сонымен қатар зор жауапкершілік жүктейді.
Биліктің қай тармағы болсын тілек жалғыз, міндет ортақ. Ол – елдің ертеңі, игілігі, тұтастығы. Елбасы тағы бір мәрте бір болуға, бірлікте болуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Кездесіп отырған соң, еске түсірмесе болмайды. Осы айдың 20-сы менің ел басына бірінші Президент болып келгеніме 30 жыл толайын деп отыр. Бұл да бір үлкен тарихи мәселе, үлкен белес деп санаймын. Мы все вместе, мы одна семья. Мы вместе были, вместе работали, думали, смотрели в одну сторону. Благодаря этому государство имеет успех. Сенат, Мажилис, Правительство, Президент. Это очень важно. Когда Президент вместе с народом, тогда страна имеет успех. Я вас очень глубоко уважаю. За вашу работу, за вашу верность пути, который вы выбрали. За ваше устремление на благо нашей Родины.
Елбасы Сенатқа аракідік келіп тұратынын айтты. Елдің бүгіні үшін маңызды, ертеңі үшін керек, кесек мәселелер туғанда Тұңғыш Президент пікір-пайымын білдірмек, көпті көрген көшбасшы әрі Құрметті сенатор ретінде.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ерболат Жамшитов, Хасен Омарқұлов