ШҚО-да жасанды ұрықтандыру әдісін қолдануға 600 әйел кезекте тұр
Мамандардың мәліметінше, әр 6-жұп осы қиындықты басынан өткереді. Шығыс Қазақстан облысында жасанды ұрықтандыру әдісін қолдануға 600 әйел кезекте тұр. Ал елімізде репродуктолог дәрігерлер жетіспейді. Аталған жолмен бала көтеруге қажетті дәрі-дәрмек те қымбат. Ал көрші Ресейге еуропалық өндірушілер сол дәрілерді біршама арзанға жеткізіп отыр. Өскеменде өткен ғылыми-тәжірибелік басқосуда осы кедергілер айтылды. Мамандар «бедеулікті емдеу технологиясын алыс өңірлерге жақындату – ең маңызды шешім» деп санайды. Мысалы бұл бағытта Өскеменде арнайы клиника ашылды.
Салтанат Байқошқарова, бедеулікті емдеу орталықтары жүйесінің ғылыми директоры:
- Бедеулікті емдеу технологиясы әртүрлі өтеді. Бір адам үшін бір ай ғана созылса, енді біреу үшін бірнеше айға, кейбіреу үшін бір жылға созылуы мүмкін. Мысалы осы облыстың тұрғындары ұзақ уақыт бойы Алматы немесе Нұр-Сұлтанда тұра алмайды. Сол себепті бұл әдісті қолжетімді етуге тырысып жатырмыз. Осы жолы міне Өскеменде, ал келесі жолы Семей қаласын жоспарлауымыз мүмкін.