Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмысын бастады
Шаһардағы 260 сайлау учаскесі таңғы 07:00-ден жұмысын бастады. Оның 19-ы жабық сайлау орындары саналады.
Нұрбек Байбосын, тілші:
- Шымкенттегі 260 сайлау учаскесінде 569 мыңнан астам адам өз таңдауын жасайтын болады. Сайлауға қатысатын азаматтардың 30 мыңға жуығы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың басым бөлігі дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне арнайы баруды ұйғарыпты. Солардың қатарында І топтағы мүгедек Айбала Қалдарбек те бар. Мұнда оларға қолайлы жағдай жасалған, яғни дауыс беру орындары тиісті пандустар, лупалар, тактильді бағыттағыш тақта сынды басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. №101 сайлау учаскесіне келген 70 жастағы Жұпаргүл апа сайлауға қатысуды кәмелеттік жасқа толғаннан азаматтық борышы санайды. ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі зейнеткер өз таңдауын жасап, дауыс беріп шықты.
Жұпаргүл Қалдыбекова, қала тұрғыны:
- Сайлау учаскелерінде дауыс берушілерді жайлы жағдайлармен қамтамасыз еткен. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға сайлауға қатысу үшін жағдай жасалған. Барлығына рахмет! Қазақстан халқын дауыс беру рәсіміне шақырамын!
Сайлаудың өту барысы шетелден келген халықаралық байқаушылар, саяси партиялардың сенімді өкілдерінің, сондай-ақ БАҚ-тың жіті назарында. Ал сайлауға халықтың қалмай қатысуы үшін Шымкенттегі қоғамдық көліктер тұрғындарды тегін тасымалдауда.