Еңбек вахтасындағы мұнайшылар дауыс беруде
Учаскелерде 410 мыңға тарта азамат дауыс беретін болады. Олардың ішінде еліміздің өзге өңірлерінен келіп, мұнай-газ өнеркәсібінде ауысыммен еңбек етіп жатқан азаматтар да бар.
Мұнайлы өңірде сайлау науқанынан ешкім де шет қалмайды. Ауысыммен жұмыс істейтін мұнайшылардың кезекті еңбек вахтасы тура жұмыс орындарынан өз еріктерін білдіретін болады. Самал кентінен «Болашақ» мұнай дайындау қондырғысының жұмысшылары дауыс беруде. Мұнайшылар кентіне сайлау комиссиясының мүшелері сайлау жәшігімен келді. Бұл жерде 200-дей сайлаушы бар.
Жағыпар Егізбаев, мұнай компаниясының сыртқы байланыс жөніндегі менеджері:
- Қашағанда 594 сайлаушы тізімге алынған. Екі сайлау учаскесінің мүшелері бар топ тікұшақпен аралдарға жіберілді. Қазір жасанды аралдарда мұнай өндірілуде. Сондықтан өндіріс қауіпсіздігі басты назарда. Тіпті сайлау комиссияларының мүшелері де арнайы дайындықтан өтіп сынақ тапсырды. Олар алдымен арал мұнайшыларынан, сосын қалған кәсіпшіліктерге барады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- «Теңіз» кен алаңындағы мыңдаған мұнайшылар да бүгінгі саяси науқанға қатысуға мүмкіндік алды. Олар: өндірістің ең маңызды процесіндегі мұнайшылар мен осындағы үшінші буынды зауытты тұрғызып жатқан құрылысшылар. Азаматтардың сайлауға қатысуын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілер арнайы кестемен транспорт бөліп, тасымал ұйымдастырған. Жалпы Атырау облысындағы 262 сайлау учаскесінде 410 мыңға тарта сайлаушы дауыс беріп жатыр.