Хабар телеарнасы

Жетісулықтар сайлауға белсенді қатысуда

Сайлау учаскелеріне келген азаматтардың жүзінен мерекелік көңіл-күй сезіліп-ақ тұр. Өйткені олар еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болсын деген тілекпен, өз таңдауларын жасап жатыр.

Өңірде 1040 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Саяси науқан барысын отандық және халықаралық байқаушылар миссиясының өкілдері жіті қадағалауда. Мәселен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан және Шанхай ынтымақтастығы ұйымынан екі-екіден барлығы 4 байқаушы келді. Ал ТМД елдері миссиясының атынан алты байқаушы жүр.

Тимур Дәуітов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Халықаралық байқаушылар тарапынан ешқандай өрескел, заң бұзушылықтар туралы мәліметтер түскен жоқ. Жалпы Алматы облысында дауыс беру таңғы сағат 07:00-ден басталды. Сайлау учаскелерінде 120 сенім білдірген адам, 630 халықаралық және жергілікті байқаушы тіркелген. Облыс тұрғындары дәстүрлі түрде жоғары белсенділік танытуда. Мысалы сағат 15:00-ге дейін 900 мыңнан астам адам дауыс берді. Осы науқанды өткізу мәселелерін біз тұрақты бақылауға алдық.

Жалпы жетісулықтардың саяси белсенділігі бұған дейінгі сайлауларда да өте жоғары болып келді. Әдетте бұл көрсеткіш 90% асып жығылатын. Бүгін де сол межеден кем түспейді деген үміттеміз.