Хабар телеарнасы

Каспийдегі шекарашылар өз таңдауын жасады

Жылжымалы дауыс беру жәшігі шалғайдағы шекара бекеттеріне екі тікұшақпен жеткізілді.

Сайлау комиссиясының мүшелері мінген тікұшақтың бірі Ақтаудан 330 шақырым қашықтықта орналасқан «Үстірт» шекара бекетіне барды. Қазақстан мен Түрікменстанның мемлекеттік шекарасын күзетуші сақшылардың басым бөлігі биыл алғаш рет дауыс берді. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар жақында ғана 18-ге толыпты.

Нұрсұлтан Тынысов, «Үстірт» шекара заставасының сарбазы:

- Мен – қатардағы жауынгер Тынысов Нұрсұлтан Маратұлы. Мен Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылынан келдім. Әскери борышымды өтеп жүргеніме 8 айдан астам уақыт болды. Бүгін мен өте қуаныштымын. Себебі мен сайлауға бірінші рет қатыстым. Офицер-командирлер сайлау тәртібін бізге түсіндірді. Мен өз таңдауымды жасадым.

«Темір баба» шекаралық бақылау бөлімшесінің әскери қызметкерлері де сайлауға 100% қатысты. Офицерлер отбасымен келіп, өз таңдауын жасады.

Ұлан Сағидолда, «Темір баба» шекаралық бақылау бөлімшесі бастығының орынбасары:

- Бүгін «Далья» шекара заставасында отбасымызбен №57 учаскесінде жылжымалы жәшік алып келу арқылы ҚР Президентінің кезекті сайлауына қатыстық.

Меруерт Жұмасилова, әскери қызметкердің жұбайы:

- Еліміз үшін өте жауапты сәт. Отбасымызбен осындай сайлауға қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Еліміздің болашағы біз үшін өте маңызды. Сондықтан өте жауапты адам үшін дауыс бердік.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы 425 шақырым. Бұл жерді Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының 2 мыңдай әскері күзетеді.

Талғат Төребаев, ҚР Шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы басшысының орынбасары:

- Сарбаздарға осыдан екі апта бұрын арнайы сабақ өткіздік. Түрлі партиялардың мүшелерін таныстырып, сарбаздар арасында сондай сабақ өткізілді.

Президент сайлауына шекарадағы бекеттермен қатар Каспийдегі ең үлкен аралда орналасқан техникалық бақылау қызметкерлері де қатысуға мүмкіндік алды. Ақтаудан ұшып шыққан тікұшақтың бірі Құлалы аралына қонды. Ал алып кемелерде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген теңізшілер жағалауға аялдап, дауыс берді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев