Қарағанды облысында 787 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Біз қаладағы ең ірі сайлау учаскелерінің бірінде тұрмыз. Мұнда тіркелген сайлаушылардың саны 2400-ді құрайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, таңнан бері кісі қарасы үзілген жоқ. Дауыс беруге жұрт белсенді келіп жатыр. Дегенмен сайлаушылардың негізгі легі түске қарай ағылды. Осы сағатқа келіп түскен мәліметтер бойынша, өңір халқының 70% дауыс берген. Ал облыс бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 900 мыңнан асады.
Нұрахмет Әмірханов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Бұл – әрбір қазақстандық азамат пен азаматша үшін маңызды шара. Мен президент сайлауына 1991 жылдан бастап қатысып келе жатырмын. Ең бастысы еліміз тыныш болсын. Қазақстандағы бүкіл халық маңызды таңдау жасайды деп ойлаймын.
Қарағанды облысында 787 сайлау учаскесі бар. Олардың барлығында сайлаушылардың дауыс беруіне толық жағдай жасалған. Ал сайлаудың әділ әрі заң шеңберінде өтуін үміткерлердің сенімді өкілдері мен мыңға жуық байқаушы мұқият қадағалап отыр. Олардың арасында халықаралық байқаушылар да бар.