Елордалық жігіт ел болашағына өз үнін қосу үшін 14 жыл күтті
Руслан Мәсенов сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, тұңғыш рет өз таңдауын жасады. Сондай-ақ 95 жасқа келген Ғазиз Жолдыбаев ақсақал да дауыс берді.
Руслан Мәсенов үшін «9 маусым – өмірінде алғаш рет дауыс берген дата» болып тарихта қалады. Ол тарихи сәтті көп күтті. Әкесімен ақ таңнан тұрып, азаматтық міндетін өтеу үшін сайлау учаскесіне келіп отыр. Бұл суретте Руслан бес жасар бүлдіршін. «Әр азамат өз таңдауын жасау керек» деген берік ұстаным баланың санасында дәл осы күні бекіген болар.
Руслан Мәсенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бұл сурет 14 жыл бұрын түсірілген. Апаммен дауыс беруге еріп келген едім. Сол кезде-ақ жасым толғанда міндетті түрде азамат ретінде өз таңдауымды жасаймын деп шештім. Енді еш ойланбастан келіп, азаматтық борышымды орындадым.
Нұр-Сұлтан қаласының 238 сайлау учаскесінің барлығында азаматтар үшін тең жағдай жасалған. Ұйымдастырудың мінсіз болуын шахар басшысы жеке қадағалады.
Бақыт Сұлтанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Белгіленген уақыттан бастап барлық 238 сайлау учаскесі ашылып, режимді рәсімдердің барлығын істеп отыр. Тұрғындарға сайлауға қатысу үшін барлық қолайлы жағдайлар ұйымдастырылған.
Таратып айтсақ, қоғамдық көлік жолаушысын тегін тасиды. Қауіпсіздік бірінші орында. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мобильді бөлімшелері дауыс беру орталықтарында орналасқан. Тіпті халық сүйікті боксшысы Геннадий Головкиннің жекпе-жегін жіберіп алмасын деп трансляция ұйымдастырылған. Тартынып қалуға еш сылтау жоқ. Ал таңдауыңды жасап болсаң, шығып жәрмеңке арала.
Сәния Түктінова, № 67 сайлау учаскесінің төрағасы:
Адамдар жақсы көңіл-күймен келіп жатыр. Ашылған кезде 100-ден астам адам кезек күтіп тұрды. Жалпы адамдардың белсенділігі өте жақсы.
Белсенділерді сайлау учаскілері 20:00-ге дейін күтеді. Ал Ғазиз Жолдыбаев сынды қарт сайлаушыларды комиссия мүшелері өздері іздеп барады. Бір ғасырдың куәгері ұрпағының жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасады.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Есбол Жәмшитов, Болотбек Табалдиев