2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі
Оған сай тұрғындар екі түрлі медициналық пакет бойынша көмек алады. Яғни келер жылы кепілдендірілген медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүреді. Соңғысы азаматтардың арнайы шотына жиналған қаржы есебінен жүзеге асырылады. Ал кепілдендірілген көмекті Үкімет қаржыландырады. Жаңа жүйеге сай халық медициналық және дәрілік көмекті тең дәрежеде алады. Сондай-ақ емдеу мекемелеріне қойылатын талап күшейіп, бәсекелестік артады. «Бұл қызмет сапасын жақсартады», – дейді мамандар. Тек жарна уақытылы төленуі тиіс. Медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден Алматы қаласы көш бастап тұр. Қорға жиналған жалпы қаржының 20% астамы соларға тиесілі. Елорда 12,5% болып екінші орында, ал Қарағанды облысы 8,2% үлесімен үшінші орында тұр.
Нұрлыбек Қабдықапаров, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалалық филиалы директоры:
- Бірінші пакетте Үкімет жарналардан түскен қаржыны өз мойнына алады. Яғни Үкімет 15 категория бойынша жарнаны өзі төлеп отырады. Оның ішінде балалар, мүгедектер, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, Батыр аналар, үш жасқа дейін баламен отырғандар кепілдендірілген медициналық пакет арқылы тегін көмек алады.
Медициналық сақтандыру қорларының Ұлттық банктегі есепшотына түскен қаржы бойынша Атырау облысының үлесі 11 млрд теңгені құрайды. Қазір аймақтағы ауруханалар мен емханалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындалуда. Өйткені көпшілік келер жылдан медициналық көмекті жаңа жүйе бойынша алуы тиіс. Мұнайлы өлкеде бүгінге дейін 83 мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер дерекқорға тіркелді. Нақты қызмет көрсетуге 64 денсаулық сақтау нысаны өтініш берген.
Байтолла Ғазизов, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры:
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі маңыздылықтарының бірі – еліміздегі сақтандырылған азаматтардың жасына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне немесе табысына қарамастан, барлығына теңдей медициналық көмекті қамтамасыз етуі.