Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 190 елдің ішінен 28-орынға тұрақтады
«Өткен екі жылда елде бизнес жүргізу осы саладағы заңнаманы жетілдірудің нәтижесінде едәуір жеңілдеді» делінген Дүниежүзілік банктің екінші баяндамасында. Бүгінде азаматтар үшін шағын және орта кәсіптің үлесін арттыру арқылы экономиканы әртараптандыруға, сондай-ақ кәсіпкерлерге өнімділікті арттырып, сыбайлас жемқорлықты еңсеруге мүмкіндік мол. Бұл ретте Үкімет бизнес ортаны жақсартуға, әкімшілік кедергілер мен шығындарды қысқартуға бағытталған жүйелі реформаларды жүзеге асыруға мүдделі. «Әлемдік аренада Қазақстан басқа елдермен табысқа жету және бизнесті тиімді жүргізуде бәсекеге қабілетті», – деді Дүниежүзілік банк өкілі.
Рита Рамальо, Дүниежүзілік банктің Жаһандық индикаторлар департаментінің жетекшісі:
- Кәсіпкерлік қызметті реттеу жүйесі төрт индикатор бойынша бағаланады: кәсіпорындарды тіркеу, құрылысқа рұқсат алу, электр қуатымен қамтамасыз ету және жылжымайтын мүлікті тіркеу. Алғашқы үш индикатор бойынша Алматы – бизнес жүргізу үшін ең қолайлы өңір. Ал Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпорындарды тіркеу индикаторы бойынша көш бастап тұр. Ендігі мақсат – басқа қалалардағы көрсеткіштерді жақсартып, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру.