Түлектердің ҰБТ-ға қатысуға ынтасы жыл санап артып келеді
ҰБТ-ға қатысуға 6669 түлек өтініш берген. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 78,5% құрайды. Ал аймақтағы атқарушы билік жұмысты өткізуге тас түйін дайын. Білім саласына жауапты мамандар ұйымдастыру бойынша соңғы дайындықтарын тағы бір пысықтады.
ШҚО-да орта мектеп бітірген түлектердің ҰБТ-ға қатысуға деген ынтасы жыл санап артып келеді. Биыл жалпы түлектердің 78% астамы ниет білдірсе, өткен жылғымен салыстырғанда 8% көп. Негізгі білім сынағы өңірде 22-26 маусым аралығында өтеді. Ол үшін аймақта тест өткізетін арнайы 16 орталық дайындалды.
Әсем Нүсіпова, ШҚО әкімінің орынбасары:
- Мектеп бітірген оқушылардың жыл санап ҰБТ-ға қатысуға ынтасының артып келе жатқанын байқаймыз. Сондықтан осы сынақтың дұрыс өтуі үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Тест өтетін әрбір орталық материалдық-техникалық тұрғыда толық жабдықталды. ШҚО түлектері соңғы жылдары ҰБТ нәтижесі бойынша жоғарғы ұпай алып жүр. Биыл да сол межеден шығады деп сенемін.
Аймақта 2017 жылдан бері «Білікті маман» жобасы жүзеге асып келеді. Ол бойынша жыл сайын облыс әкімінің гранты бөлінеді. Биыл ондай мүмкіндікке 400 түлек ие болмақ.
Сайрангүл Жұмаділова, ШҚО облыстық білім басқармасының басшысы:
- Қазіргі кезде техникалық мамандықтарға сұраныс көп. IT мамандар қажет. Сондай-ақ медицина мамандары, білім беру саласы, әлеуметтік салада жұмыс істейтін мамандарға да қажеттілік туындап отыр. Сондықтан осы гранттың басым көпшілігі аталған мамандарға беріліп отыр.
Атқарушы биіліктің қолдауы арқасында соңғы жылдары көрші елдердегі оқу орындарына түсуге талпынатын түлектердің саны айтарлықтай азайған. Нәтижесінде өңірдегі ЖОО-да жаңа мамандықтар ашыла бастады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Руслан Мұхамедияров