Елбасының Теміртауды түлетуге қосқан үлесі қандай?
Әсіресе мыңдаған адам еңбек ететін металлургиялық комбинаттың жұмысы Елбасының тікелей бақылауында болды. 30 жылда мұнда қаншама әлеуметтік нысан салынды. Қала көркейіп, халықтың тұрмысы жақсарды. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан. «Шарболаттай шыныққан және саяси тұлға ретінде қалыптасқан құрышты қалаға ол үнемі қамқорлық танытып жүреді» – дейді ардагер металлургтер.
Теміртау қаласының тарихы Елбасы есімімен біте қайнасып жатыр. Осыдан 60 жыл бұрын мұнда домна пешін салуға әр қиырдан мыңдаған адам жұмылдырылады. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді. Жалынды жастар алғашқы шойынды алып, Қазақстан магниткасы қалыптасты.
Мұстафа Абдоллаұлы, көрікші:
- Елбасының ықыласы ерекше. Өйткені ол кісі жұмыс істеп шыққан жерге өзі келіп, бізден жағдайымызды сұрап тұрады. Комбинаттың тұрақты жұмыс істеп тұрғанына әрине, Елбасының ықыласы мол. Жұмыс тұрақты, жалақы уақытында беріледі.
Домна пешінде шарболаттай шыныққан жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев кейін партия жұмысына да белсене араласып, құрышты қаланың гүлденуіне тікелей атсалысады. Жастардың мәселесін еш тайсалмастан Мәскеудегі мінберден жоғарыға жеткізіп, Теміртауда екпінді құрылыстың басталуына түрткі болады.
Ермек Төлеубаев, Елбасының замандасы, ардагер металлург:
- Теміртауға көп жағдай жасап кетті. Ол уақытта Тищенко деген директор болған. Сол кісімен бірге тіл табысып, қаланы көтеріп кетті. Қаламызда бассейн, стадионымыз бар, қаншама ғимарат пен балабақша салды. Мына университет Елбасының арқасында ашылды.
Содан бері сан жылдар өтсе де Елбасы өзінің саяси тұлға ретінде қалыптасқан құтты мекенін ешқашан ұмытқан емес. Мәселен, сонау 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңде Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың жұмысы тұралап, мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туды. Әлеуметтік жағдай өте ауыр еді. Бірақ Елбасы өзі негізін қалаған алпауыт кәсіпорынның жабылуына жол берген жоқ. Бар күш-жігерін жұмсап, аз уақытта өндірістің тамырына қайта қан жүгіртті. Мұны осындағы металлургтер ешқашан ұмытпайды.
Жақыпбек Әлішер, құрметті металлург:
- 80-90-шы жылдары жұмыстан көп адам кете бастады. Комбинаттан 3-4 ай ақша алмайтын болдық. Сол кездерде Елбасы келіп, инвесторды тапты. Инвестор келген соң уату желісін толық жаңарттық. Жұрт қайта жұмыс істей бастады.
Қазір металлургиялық комбинат жылына 4 млн тонна болат балқытады. Алдағы меже – 5 млн-ға жеткізу. Мұндағы мамандардың айтуынша, 30 жыл ішінде өндіріске жаңа технологиялар дендеп енгізілген. Еңбек қауіпсіздігі күшейді.
Вадим Басин, компанияның атқарушы директоры:
- Компания өндірісті жаңғырту жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді. Ол үшін жыл сайын қыруар қаржы бөлеміз. Елбасының тапсырмасымен өңірде индустрияландыру бағдарламасы жемісті жүзеге асты. Айталық, тек Теміртауда ғана комбинаттың тапсырысын орындайтын 40-қа жуық шағын кәсіпорын ашылды. Ал бұл – қосымша мыңдаған жұмыс орны деген сөз.
Елбасы Теміртау шаһарын үнемі назардан қалдырған емес. Былтыр күзде Мемлекет басшысы ретінде өңірге жасаған соңғы сапарында да құрышты қаланың қордаланған көптеген әлеуметтік мәселені түбегейлі шешіп берді. Мәселен, биыл жылу энергия орталығында қосымша 7-ші қазандық салынады. Сондай-ақ емхана, балабақша, спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Сондықтан мұндағы халықтың Ұлт көшбасшысына деген ықыласы ерекше.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин