Хабар телеарнасы

Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімшеде жарылыс болды

32 кісі зардап шекті. Оның екеуінің халі мүшкіл. Әскери қоймадағы оқ дәрілер атылған. Өңір бойынша төтенше жағдай жарияланды. Қазір оқиға орнында тиісті мекеме өкілдері құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жалпы мемлекет тарапынан барлық көмек жасалуда. Арыс қаласынан 10 шақырым жерде арнайы штаб құрылды.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Біз қазір Арысқа барар жол Ордабасы ауданына қарасты Сарыарық елді мекенінде тұрмыз. Бұл маң Арыстан 10-12 шақырым шамасында орналасқан. Арыс қаласындағы жағдай таңғы сағат 09:20-да орын алды. Ең алдымен өрт сөндіру қызметінің пультіне Түркістан облысы Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлім территориясында қоймада жарылыс болып, артынша өрт шыққаны жайлы хабар түскен. Ресми деректерге сүйенсек, жарылыс болған жерге Түркістан облысы ТЖД жеке құрамының 52 адамы мен 12 өрт техникасы, сондай-ақ Шымкенттен 4 техника, жеке құрамның 23 адамы мен бір кинологиялық топ жұмылған. Ең әуелі халықты Арыс шаһарынан эвакуациялау жұмыстары атқарылды. Айта кетейік, Арыста жалпы 45 мыңға жуық халық тұрады. Оларды қаладан көшіру жұмыстары 3 бағыт Шымкент, Монтайтас, Қазығұрт бойынша жүзеге асырылды. Бізге жол бойында өз үйін, бала-шағасын тастап, қалаға қарай кетіп бара жатқан тұрғындармен сұхбаттасудың сәті түсті.

Нағима Әбдіхалықова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Біз стадионға дейін жаяу жеттік. Содан мынау Монтайдың жолымен келе жатырмыз. 2 бала, 2 келін және 5 немере қалды. Олардың не болып жатқанын білмеймін.

Сара Байкенжейова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Бірден төбемнен найзағай түскендей болды. Мен әншейін деп ойладым. «Қашыңдар» дегенге барлығымыз қаштық.

Гүлбаршын Абдуллаева, Арыс қаласының тұрғыны:

- Орнымыздан тұрсақ, «пах» етті де, терезе, есік сықырлап кетті. Сонымен «не болар екен» деп сәл күттік. Одан кейін снарядтар жарылып, бомба сияқты атыла берді. Түтіннен шыға алмай қалдық. Сосын көшеге шығып, камазға мініп келген жайымыз осы.

Қазіргі сәтте облыс әкімінің бастауымен жұмыс тобы құрылды. Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖД-да тәулік бойы «Қауырт желісі» жұмыс істеуде. Қазір облыс көлемінде де тұрғындарға көмек көрсету үшін арнайы ұйымдастыру лагерлері қолға алынған. Брифингте облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы осы оқиғаға байланысты зардап шеккендер мен қайтыс болған азаматтың бар екендігін ресми мәлімдеді.