1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты
Бұл – еліміз үшін тарихи күн. Осы сапарда қазақ ғарышкері 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жетістіктерінің бірі.
1994 жылдың 1 шілдесі. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз ТМ-19» кемесі көкке самғап, орбитаға сәтті көтерілді. Кеме бортында – Талғат Мұсабаев. Бұл күн тәуелсіз Қазақстан тарихында мәңгі сақталатыны анық. Қазақтың перзенті алғаш рет ашық ғарышқа шықты. 126 тәулікке созылған сол сапарында ол ашық кеңістікте 11 сағат 7 минут өткізген.
Талғат Мұсабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер:
- Мен мұны мақтан тұтамын. Елімізден алғаш болып ашық ғарыш кеңістігіне шығу мүмкіндігі маған бұйырды. Сапарымыз 126 тәулікке созылды. Әрине, бұл жан-жақты дайындықты талап етеді. Өзге ғарышкерлермен бірге «МИР» стансасының қызметін қайта қалпына келтірдік.
Сонымен қатар сапар барысында Ресей мен АҚШ-тың «МИР-НАСА» және қазақстандық «Полет-М» ғылыми бағдарламасы бойынша зерттеулер мен тәжірибелер орындалды. Ашық кеңістікке шығу мүмкіндігі ғарышкерлердің шамамен 15% ғана беріледі. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Ал жерге оралғанға дейін талай сыннан өтуге тура келеді. Бірнеше рет ажалмен бетпе-бет кездескен ғарышкер бұл оқиғаларды баяндап берді.
Талғат Мұсабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер:
- Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын тетік ажырап кетті. Көз алдымнан бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін еместін. Бұрын-соңды ескерілмеген, ойға келмеген жағдай. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді. Міне осы сәтте таңғажайып оқиға болды. Денеме ештеңе тимей-ақ, итермей-ақ әлдебір құдірет құрдымнан суырып алды.
Әлем бойынша осы күнге дейін 600-дей адам ғарышқа ұшқан. Оның үшеуі – қазақ баласы. Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналған. Қарыштап дамып келе жатқан ғарышты игеруде еліміз де белсенділік танытуда.
Марат Нұрғожин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
- «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен оның болашағы өте маңызды. Қазір біз оны дамытудың жол картасын әзірлеп жатырмыз. Қазан айында ғарыш форумын өткіземіз. Жиынның басты тақырыбы да осы «Байқоңырды» дамыту мәселесі болмақ. Сондай-ақ 2 жоба қолға алынды. Біріншісі – «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешені. Екіншісі – «Зенит-М» кешенін жаңғырту. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей және БАӘ бірлесіп «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы әйгілі «Гагарин ұшу алаңын» жаңартуды көздеп отыр.
Демек, ғарышты игеру бір орында тұрған жоқ. Оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Авторы: Меруерт Жақан