«Хабар» арнасында Төле би туралы фильм көрсетіледі
«Төле би» тарихи сериалы көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлы даланың ұлы тұлғаларын ұрпаққа таныту мақсатында түсірілген сериал, дала төрешісінің өмірі туралы баяндап, қазақтың ғұмырнамасын түгендейтін туынды. Түркістан облысының тапсырысы бойынша түсірілген фильм, өңірдің біржылдығы мен Елорда күні қарсаңында Төле бидің рухына тағзым болмақ.
Төле би десе ойға не оралады? Қазақта болған билерден бөлек болған үшеудің бірі, шешен, бала күнінен төрелік еткен. Тарих кітаптарынан білетініміз осы. Қара қылды қақ жаратын әділдіктің символы іспетті тасқа қашалып, еліміздің бас қаласының орталығына жайғасқан. Үш жүзге төбе би болса да, қайраткеріміз туралы білетініміз шамалы.
Білмесеңіз, олқылықтың орнын арнамыздан қалың көрерменге жол тартатын «Төле би» фильмін көріп толтырыңыз. 10 сериялы тарихи туынды дала төрешісінің бала биден дана биге дейінгі өмір жолын суреттейді.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- Мұны ғұмырнамалық сериал десек болады. Оның дүние есігін ашқан сәтінен бастап, ер жетіп, ел басқарған мемлекет және қоғам қайраткеріне дейін жүріп өткен жолы бейнеленеді. Төле бидің өмірі мен қазақтың тарихы бірге өріліп отырады. Төле бидің өмірі арқылы сол кездегі қазақ хандығының, қазақ өмірінің тағдырын көре аламыз.
Тарихи фильмге 10-ға жуық ғылыми зерттеудің нәтижесі арқау. 10 серия ұлы жүздің бас биі төрелік еткен ең жарқын деген 10 тарихи сәтті суреттейді. Фильм Төле бидің қазылық қырынан бөлек, батырлығын, шешендігін, Ташкентті билеген іскерлігі жайында да баяндайды.
Батырхан Дәуренбеков, «Төле би» фильмінің режиссері:
- Ташкентті жоңғарлардан азат етіп, кейін 20 жылдай билеген. Үлкен саясаткер болған. Өзінің баласы Жолаңды Қытайға аманатқа жіберіп, бейбітшілікті ұстап тұрған адам. Ұлы саясаткер екендігін көрсетеді.
Қазақтын тарихын түгендейтін туындының алғашқы 2 сериясын 1 шілде күні сағат 21:30-да көре аласыздар. 10 серия дүйсенбі-жұма аралығында бір сағаттан бес күнге бөлініп, Елорда күні қарсаңында көрерменнің көзайымына айналады.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Болотбек Табалдиев