Арыс қаласында бүлінген үйлер мен әлеуметтік нысандар жөнделіп жатыр
Тағы 571 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы Арыстағы баспана атаулының 85% қайта жаңғыртуды қажет етеді. Мұның сыртында жарылыс салдарынан арыстық 28 отбасы баспанасыз қалған. Оларға жаңа үй салынады. Ал қоныс дайын болғанша олар толықтай мемлекеттің қамқорлығында болмақ.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Иә, көпбалалы ана қиын сәтте қолтығынан демеп, сүйеу болған отандастарына шексіз алғысын білдіреді. Үйелмелі-сүйелмелі балаларымен №1 мектепте орналасқан оған барлығы құрметпен қарайды. 26 жастағы Әйгерім Сембек аяғы ауыр болса да 5 баласын снарядтардан қорғап қала алды. Кішкентай егіз қыздарын қолына көтеріп, қалғанын жаяу ерте жүріп, Арыстан 15 шақырым ұзай алған.
Әйгерім Сембек, көпбалалы ана:
- Арасында ілісе алмай қалып қойып жатқан балаларымды күтіп, артқа барып, қайтадан теңестірдім. Сөйтіп жүріп 5 сағатта ауылға жеттік. Күннің астында әрине қтын болды. Балаларға күн өтіп кеткен, жылап, көнбейді, жүре алмай келе жатты. Бір жұтым суға да зар болдық.
Елордалық жедел жәрдем бригадасы электротравма диагнозымен ес-түссіз күйдегі адамды құтқарып қалды. Хабарлама түскен бойда Арыс тұрғынының жанынан табылған дәрігерлер жүрек қағысы мен тыныс алуды реттеу шараларын шұғыл жүргізіп, 30 жастағы жігітті өлім аузынан алып қалды. Қазір науқас санитарлық транспортпен Шымкенттегі кардиологиялық орталыққа жеткізілді.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Арыста жұмыс істейтін құрылыс компанияларының саны 118-ге дейін арттырылды. Барлық үйлердегі құрылыс жұмыстарының сапасы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан бақылауға алынады.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- 1,5 мыңнан астам құрылысшылар осы жерде жұмыс істеп жатыр. Әр секторға бөлінген, сол белгіленген жер бойынша құрылыс компаниялары жұмыс істеуде. Ал үй жөндеу жұмыстары қарқынды жөнделіп жатыр.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Енді әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары басталады.