ШҚО-ның ауылдық елді мекендерінде ауызсу мәселесі шешіліп жатыр
50-ден 200-ге дейін адам тұратын шағын қыстақтарға тіршілік көзі тасып жеткізіледі. Ал жалпы аймақтағы халықтың 88% орталықтандырылған құбырдан су алады. Бұл көрсеткішті негізінен қала құрап отыр.
Ахмер кентінде ауызсу, жол, жарық мәселесі 10 жылдан бері шешілмей келеді. Мұндағы тұрғындардың көбі жер алып, баспана салған. Алайда қазір ең негізгі проблема – су. Осы маңдағы отбасылардың бәрі жергілікті имамның ауласындағы жалғыз құдыққа қарап отыр.
Гүлжан Уәйісова, жаңа Ахмер кентінің тұрғыны:
- Ол жерден қашанғы ала береміз? Бір-екі көрші болса жарайды, ауылдың бәрі осы жерден су аламыз. «Енді ол ішуге жарайды», – десе, біреулер: «Жарамайды», – дейді. Білмейміз, бірақ ішіп отырмыз. Бәрі жаңарып жатқанда біз әлі қолмен кір жуып жүрміз. Біз де машина қосып, бәрін техникамен жасағымыз келеді. Бірақ ондай жағдай жоқ.
Раушан Қисықова, жаңа Ахмер кентінің тұрғыны:
- 2014 жылы біз өзіміз скважина қазып алдық. Оның суы дұрыс болмай, тұз шығып кетті. Оны іше алмадық. Содан әлі күнге дейін балшық болса да, қар жауып тұрса да сумен алысып тасып жүрміз.
Жаңадан бой көтерген елді мекенге су құбырын тарту былтыр басталған. Қазылған жол бойындағы құдықтардың көбі ашық, ішіне су толып тұр.
Ал аймақтағы ауызсу мәселесін шешу үшін құны 17 млрд теңге болатын 68 жоба жасалған. Осының арқасында қазір қала халқының 97,8%; ал ауыл тұрғындарының 73% орталық құбырдан су алып отыр. Тұрғындар саны ең аз 45 ауылда блоктық-модульдік станцияларды орнату жоспарлануда.
Асхат Бұхатов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда 50-ден жоғары адамдары бар ауылдарды сумен қамтамасыз ету керек. Одан соң барып келесі мәселеге ауысатын болады. Бүгінгі жоспар – барлық елді мекенді 2021 жылға дейін сумен қамтамасыз ету.
Өскемен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, жаңа Ахмер кентіне су құбырын тарту биыл аяқталады. Осыдан соң әр отбасы үйге суды өзі кіргізуге міндетті. Ашық жатқан құдықтар да сол кезде жабылады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов