Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы өтті
Бұл – жаһан экономикасының дамуын бәсеңдедетін факторлардың бірі. Дегенмен бұл көрсеткіш Қазақстандағы инвестициялық климатқа әсер еткен жоқ. Керісінше 16% өсім бар. Әлбетте бұл сырттан көрсетілген үлкен сенімді білдірсе керек.
Елордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысы өтті. Кеңес құрамына кіретін 35 ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйым басшылары Қазақстанда адами капиталды дамыту төңірегінде пікірін білдірді, ұсыныстарын айтты.
Инвестиция салу сенімнен. Табиғи ресурстардан бөлек елдің ертеңіне титімдей селкеу болса, шетелдік инвесторлардың жақындай түсуі неғайбыл. Қазақстан азаттықтың алғашқы күнінен бастап инвестициялық имиджіне ерекше мән берді. Сөйтіп тәуелсіздік жылдары 300 млрд АҚШ долларының тікелей инвестициясын тартты. Бұл шынымен үлкен көмек болды. Осыдан 21 жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Шетелдік инвесторлар кеңесі келелі әрі керек алаңға айналды. 32-ші отырысты ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі инвестициялық климаттың салқындап бара жатқанын айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжамдар төмендеп барады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебіне сәйкес өткен жылы әлемдегі тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 27% азайып, 1,1 трлн долларға дейін төмендеп кеткен. Дегенмен Қазақстан шетелдік инвестициялардың тұрақты ағынын қолдай алды. Өткен жылы шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 24,3 млрд долларға жетті, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 16% жоғары. Осының барлығы біздің күш-жігеріміз бен ұжымдық жұмысымыздың арқасында мүмкін болды.
Кездесудің тақырыбы – адами капиталды дамыту. Жаһандық еңбек нарығындағы үлкен өзгерістерді ескерсек, мәселе өзекті болып тұр. Отырыс барысында сөз алған Еуропалық даму және қайта құру банкінің президенті Сума Чакрабарти Қазақстанда адами капиталды дамытудың үш жолын ұсынады. Олар: гендерлік теңдік, жұмысшыларды қолдау және жасыл инфрақұрылымды дамыту. Ұсыныстан іске көшсек, банк Қазақстанның қаржы секторына инвестиция көлемін ұлғайтуға құлықты.
Сума Чакрабарти, ЕДҚБ президенті:
- Біздің банк пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас шетелдік инвесторлар кеңесі құрылмай тұрып орнаған болатын. Қазақстанға құйған инвестицияның жалпы көлемі 9 млрд доллардан асады. Оның ішінде биылдың өзінде 450 млн доллар қаржы салып отырмыз. 3 бірдей баламалы қуат көздерін дамытуға арналған жобаны қаржыландырмақпыз. Қазақстанның «жасыл» экономикасын қолдауға жалпы сомасы 375 млн доллар бөлдік.
Адами капиталды дамытудың негізгі көзі білімде жатыр. Отырыс барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл реттегі жұмысты жоғары бағалады. 100% сауатты қоғам, балалардың дерлігі мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Дегенмен жүйеге жаңашылдық қажет. Министр жақын арада колледжегі білім бағдарламалары толығымен өзгеретінін жеткізді. Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры Агрис Прейманис Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жолдарын ұсынды.
Агрис Прейманис, Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры:
- Бұл үстел басында Қазақстан экономикасына 250 млрд доллардан астам қаржы салған инвесторлар отыр. Мұндай жетістік Қазақстанның инвесторлар үшін өте тартымды елге айналғанын көрсетеді. Қазақстанға бірінші кезекте экологиялық кодексті әлі де жетілдіре түсуді ұсынамыз. Қазақстанның экологиялық қауіпсіз ел болғаны инвесторлар үшін де тиімді. Елордадағы қаржы орталығына үлкен сенім артылып отыр. Оның жұмысын да жүйелендіру қажет.
Ең тиімді инвестиция адамға салынған инвестиция екені анық. Бұл Baker Hughes, a GE company президенті Лоренцо Симонеллидің пікірі. Мұнай-газ саласы бойынша әлемдегі үшінші ірі компания саналатын компания басшысы БҚО-да мұнай-газ мамандарын оқытатын орталық ашуға дайын екенін айтты.
Лоренцо Симонелли, Baker Hughes, a GE company президенті:
- 2005 жылы біздің компания тұңғыш корпоративтік университет ашты. Барлық салада цифрландыру жүріп жатыр. Сондықтан жұмысшылардың соған сай болуы маңызды. Біз қазір ғылым, технология, инжиниринг және математика салаларына басымдық беріп отырмыз. Осы уақытта біз 140 компанияда 35 ұлттың өкілін, яғни 1100 адамды білікті маман етіп дайындадық. Қазақстан бойынша мұнай-газ саласының мамандарына сай жобасын дайындап жатырмыз. Батыс Қазақстанда оқыту орталығын ашамыз. Ол жерде мұнай-газ саласының студенттері практикадан өтіп, қауіпсіздік ережелерін меңгеретін болады.
Отырысқа қатысқан шетелдік компаниялардың басшылары жас мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру бойынша тәжірибелерімен бөлісті және Қазақстанда адами капиталдың дамуына көмек көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді. Көмек көптік етпейді. Оның үстіне 2030 жылға қарай жаһандық жұмыс күшінің 14% қайта оқытудан өтуге немесе кәсібін ауыстыруға мәжбүр болады деген болжам бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алайда бұл болжамдардан қаймығудың реті жоқ. Технологиялардың енгізілуі адамзатты жұмыс орындарынан айырмайды, алайда олардың табиғатын өзгертеді. Мұндай құбылыс адамзат тарихында қайталанған еді. Дегенмен де қазіргі кезеңде адами капитал рөлі күрт артады, әсіресе білім саласының рөлі ерекше болады. Сондықтан адами капиталға инвестиция салу елдің экономикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді. Қазақстанда адами капиталды дамыту бойынша үлкен жұмысты жүргізіп жатырмыз.
Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметтеріне сәйкес, адами капиталдың әлемдік индексінде Қазақстан 2017 жылы 45-орында болса, ал былтыр 35-орынға көтеріліпті. Сонымен қатар білім беру сапасы бойынша 157 елдің ішінде 10-орында тұр. Дегенмен жұмыс берушілердің 70% қазақстандық колледж түлектерінің біліміне көңілі толмайды.
Кеңесті Мемлекет басшысы қорытындылады. Заманға лайықты кәсіби қазақстандық мамандарды даярлау жұмысына шетелдік инвесторларды белсенді қатысуға шақырды. Оның атап өтуінше, соңғы 3 жыл ішінде жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 12 мыңнан астам жас білім алған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Автономия ЖОО дамуы мен тиімділігінің іргелі тетіктеріне айналуы тиіс. Ендігі уақытта ЖОО не оқытатынын, қалай оқытатынын өзі шешеді. Білім бағдарламасы жұмыс беруші мен студенттің нақты қажеттілігімен түзіледі. Жыл сайын ЖОО-лардың тәуелсіз рейтингі бұл міндетті кім орындай алғанын, ал кімнің орындай алмағанына қатысты нақты жайтты көрсетіп береді. Шетелдік инвесторлар кеңесі де түлектерді бағалаумен қатар жоғары білім жүйесін жетілдіру, мемлекеттеріміздің жоғары оқу орындарының арасындағы академиялық және ғылыми байланысты жолға қою мәселесіне де өз үлесін қоса алатынына сенімдімін.
«Қазақстанның болашағы шын мәнінде жастардың, ең алдымен білімді жастардың қолында», – деді Президент. Ол үшін таяу 3 жылда 180 колледж бен 20 алдыңғы қатарлы ЖОО құрылмақ және Президент жұмыс істеп тұрған колледждер базасында жедел кадр дайындау және қайта дайындау үшін арнайы орталықтар құру қажеттігін ескертті. Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысын қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің келесі отырысында шикізатты емес, экспортты дамыту мәселесін талқылауды ұсынды. Инвесторлар Президентпен келісіп, сосын тарқасты.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов