Сенаторлар 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке өзгеріс енгізу туралы заң жобасын қарады
Құжатта Арыстағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайын түзеуге қарастырылған қаржы да бекітілді.
Халықтың тұрмысын жақсарту туралы Елбасының әлеуметтік стратегиясын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып отыр. Сенаторлар осы әлеуметтік мәселелерге қатысты өзгертілген бюджет жобасын қарады. Оның шығыс бөлігін нақтылау 3 бағытта жүзеге асырылады. Ең әуелгі міндет – халықтың қарыз жүктемесін азайту.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Осы мақсатқа жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр. Екінші бағыт жұмыспен қамту, аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша жүзеге асады. Оған 138,6 млрд теңге бағытталатын болады. Үшінші бағыт Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайтуға ұсынылады.
Қаржы министрі 72,2 млрд теңгенің бір бөлігі Арыс оқиғасының салдарын жоюға бөлінетінін айтты. Депутаттар нақтылап сұрады.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Осы қаржының қаншасы Арыстағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жұмсалатын болады? Президент соның айналасындағы қару-жарақ, оқ-дәрі арсеналын жою туралы тапсырма берген болатын. Соған қажетті қаржылар осының ішінен қаралған ба?
Арыс қаласын қалпына келтіруге 34,5 млрд теңге қажет. Әр тұрғынға 100 мың теңге өтемақы төленеді.
Бұзылған үйлерді жөндеуге 19,2 млрд теңге жұмсалады. Оның жартысы Үкімет резервінен, қалғаны басқа өңірлердің бюджетінен алынады. Ал арсеналды жоюға қатысты сұраққа ҚР Қорғаныс министрі жауап берді.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:
- Арсеналды көшіру туралы Елбасының және ҚР Қарулы күштер жоғарғы бас қолбасшысының тапсырмалары бар. Біз бұл жұмысты бастап кеттік. Екі аптаның ішінде нақты оқ-дәрілерді тасымалдау жұмыстары басталады. Қаржы резервтен қарастырылған.
Сенаторлар қиын жағдайда қалуына байланысты қарызы кешірілетін азаматтардың тізімін де нақтылады.
Серік Бектұрғанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қарыз жүктемесін азайтуға қатысты қазір 443 320 адам тізімге ілігіп отыр. Бұл қаншалықты дұрыс көрсеткіш? Егер қосымша тағы да жағдайы қиын жандар анықталса, қалай болады?
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Бұл тізімді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, екінші деңгейлі банктер мен мемлекеттік кредиттік бюро өкілдері жинақтаған. Жаңа қабылданған заң негізінде Ұлттық банк ломбард, шағын қаржылық ұйымдар мен онлайн кредиттердің жұмысын енді реттейді.
Депутаттар бюджет қаржысын тиімді игеру туралы көп айтты. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева 4-сессиядағы соңғы пленарлық отырысты қорытындылады. Осы кезеңде 83 заң жобасы қабылданып, 100-ден астам депутаттық сауал жолданған.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатының өсу, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру Жолдауын іске асыруды, заңнамалық қамтамасыз ету Сенаттың күн тәртібінің негізгі бағыты болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын ескере отырып, Сенат жұмыс жоспарын түзету, заңдардың орындалуын қадағалау үшін парламенттік тыңдау өткізу керек. Аймақтармен жүйелі негізде маңызды мәселелер бойынша жұмыс жүргізу қажет.
Алдағы уақытта Сенат заң сапасын арттыру үшін ғалымдар, еріктілер, кәсіпкерлер және өзге де қоғам өкілдерінен жасақталған сарапшылар пулын құрмақ. Ал сессия аяқталысымен депутаттар халықпен жүздесуге өңірлерге аттанады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айдос Меделбеков