Елімізде студент жастардың көбі жазғы демалысында табыс табады
Арнұр Аманкешов, студент:
- Үйде жатқаннан гөрі жұмыс істеуді ұйғардым. Астанаға келіп, ағамның кішігірім бизнесіне көмектесемін деп шештім.
Еңбекке ерте араласқан жақсы. Алайда жастардың кейбірі кез келген салада әлі келмейтін жұмысқа ұрынып жататыны бар. Тіпті еңбек келісімін жасауды ойламайтындар көп. Заңгерлер мұндай жағдайға жол бермеу керектігін айтады. 16 жастан асқан кез келген жасқа еңбекке араласуға болады. Тек заң талаптарына сәйкес ережелерді ескерген абзал.
Жандос Мұқамбаев, заңгер:
- 18 жасқа толған студенттер жұмыс істейтін болса, оларда міндетті түрде еңбек шарты болуы керек. Сонымен бірге 18 жасқа толмаған жастарға да аталмыш шартпен қызмет жасауға болады. Бірақ заңда тыйым салынған қызметпен айналысуға болмайды.
Студенттерді еңбекке баулуды еліміз ерте бастаған болатын. Мысалы «Жасыл ел» еңбек жастары штабы құрылғалы бірнеше мыңдаған жас жұмыспен қамтылды. Өткен жылдың өзінде 22 мыңнан астам студент маусымдық жұмыста еңбек етті. Олар еліміздің барлық өңірінде еңбек етеді. «Жасыл ел» сарбаздарына республикалық бюджет көлемінен 35 394 теңге төленеді екен. Бұдан бөлек жұмыс берушілер мен жергілікті бюджет тарапынан берілетін жалақы да бар.
Азамат Данияр, «Жасыл ел» еңбек жасағы республикалық штаб жетекшісінің орынбасары:
- Біз қазіргі уақытта 242 географиялық объектіде, яғни барлық аймақта жұмыс істеп жатырмыз. Студенттер мен жұмыссыз жастар, балалар үйлері мен интернат тәрбиеленушілері өткен жылы 410 кәсіпорынмен тығыз жұмыс істеген.
Дегенмен мамандар кез келген жұмыстың, тіпті уақытша қызмет болса да, студенттерге жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беретінін айтады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы Арман Ақшабаев