Қазақстан-Ресей шекарасында 130-дан астам жүк көлігі кептелісте тұр
Бекетте кезек күтіп тұрғандардың басым бөлігі – көрші елге өнім тасымалдаушылар. Қазір Успен ауданының «Қосақ-авто» шекара бекетінде 100-ден астам машина тұр. Азаматтар мыңдаған шақырымдық жерден әкелінген жеміс-жидектердің бұзылып кетуіне алаңдаулы.
Бахтияр Сұлтанов жеміс-жидек тасымалдаумен 30 жыл айналысып келеді. Биыл көлігіне 20 тонна қауын тиеп, Ресейдің Новосібір өңіріне жеткізуді жоспарлапты. Осы шекара бекетіне жету үшін 2500 шақырымдық жолды еңсерген.
Бахтияр Сұлтанов, көлік жүргізуші:
- Шыққанымызға төрт тәулік болды. Мына жерде бір жарым тәулік бойы тұрмыз. Құжаттардың бәрі түгел. Тауарларды тезірек жеткізу керек. Қазақстан ба? Ресей ме? Қайсысы өткізбей жатқаны белгісіз. Ал өнімдерді сату керек, әйтпегенде бүлініп кетуі мүмкін.
Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Қосақ-авто» бекетіндегі жүк көліктерінің саны ондап емес, жүздеп саналады. Ал ұзынсонар кезек бірнеше шақырымға созылып кеткен. Сала мамандарының айтуынша, жеміс-жидек пен көкөністің піскен шағында бұл – үйреншікті құбылыс. Себебі қазіргі уақытта еліміздің оңтүстік өңірлері, Қырғызстан және Өзбекстанның кәсіпкерлері өнімдерін Ресейге тасымалдап, сатуға асық.
Жүк көліктерінің кептелісі демалыс күндерінен бері пайда болған. Қазіргі уақытта 130-дан астам машина тоқтап тұр. Мамандардың айтуынша, тасымалдаушыларды дәл осы бекет арқылы өтуге ниет білдіруінің өз себептері бар. Ресейге жеткізетін жол сапалы әрі қысқа. Мәселен өзге шекара бекетімен салыстырғанда 450 шақырымды үнемдеуге мүмкіндік бар.
Әлішер Жүнісәлиев, ҚР ҰҚК шекара қызметі 2033 әскери бөлімінің командирі:
- Шекара қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Көліктерді талапқа сай тексеріп, жылдам өткізуге тырысудамыз. Мәселен, бір жүк көлігін нормативтік құжаттарға сай 25 минут ішінде өткізуіміз керек. Ресейлік әріптестерімізбен байланыс орнаттық.
Шекарашылар дамыл таппай жатқанда жақын маңдағы азаматтар жүргізушілерге көмек қолын созған.
Гүлден Шоқанова, Лозов ауылдық округінің әкімі:
- Жақын маңда қоғамдық тамақтану орны бар. Бекет басында медициналық қызмет те бар. Жүргізушілер аптап ыстықта сумен қамтылды. Қажет болса, дәрі-дәрмек жеткізіп береміз.
Шекаралық бекеттен өтетін темір тұлпарлардың саны мыңнан асып жығылады. Олардың басым бөлігі – жүк көліктері. Мамандардың айтуынша, осы тектес жағдай жыл сайын жаз мезгілінде туындайды. «Бұл – маусымдық сипатқа ие мәселе. Сондықтан жүргізушілердің шыдамдылық танытқаны абзал», – дейді мамандар.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов