Қостанай облысында ауыл тұрғындары ауызсу тарифін төмендетуді сұрайды
Мысалы Қарамеңді ауылының тұрғындары судың әр текше метріне 334 тг төлейді. Бұл көрші аудандағы тарифтен 10 есе жоғары.
Екі жыл бұрын үйіне су тартылғанда Таңшолпан Оспанованың қуанышында шек болған жоқ. Өркениеттің бір белгісі ауыл жұртының тұрмысын біршама жеңілдеткені хақ. Алайда төлем түбіртегін алған кезде олардың көңілдері су сепкендей басылды.
Таңшолпан Оспанова, Қарамеңді ауылының тұрғыны:
- Бізге судың үйге кіргені ыңғайлы. Бірақ бағасы біздің қалтамызға сай келмейді. Жағдайы төмен отбасыларға ауыр тиеді. Басқа көршілес аудандарда судың бағасы 30 тг ғана, бізде – 334 тг.
Тіршілік нәрінің құлағын ұстаған жергілікті коммуналды кәсіпорын бастапқыда тұрғындар үшін судың текше метрін 360 тг деп белгілепті. Сосын монополияға қарсы департамент араласқаннан кейін ғана былтыр күзде 334 тг-ге түсірген. Алайда ауыл халқы үшін бұл сома да ауыр салмақ.
Таңшолпан Оспанова, Қарамеңді ауылының тұрғыны:
- Біз көбінесе даладағы қаздырған суды қолданамыз, сол бізге үнемдірек болады. Бұны қазіргі таңда ішуге ғана пайдаланып жатырмыз.
Тариф электр қуаты, қызмет көрсету ақысы сынды түрлі шығындардан құралады. Көрші ауданда ол шығындардың бір бөлігі мемлекет есебінен субсидияланады екен. Сондықтан ол жақта су бағасы арзан.
Азамат Әбенов, Наурызым аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және АЖ бөлімінің бас маманы:
- 2018 жылы субсидиялау жөнінде энергетика басқармасына тапсырыс бердік. Өз кезегінде облыс ауылшаруашылығы министрлігіне жіберді. Енді соның жауабын күтіп отырмыз. Егер өтінішіміз жоғары жақтан қолдау тапса, тұрғындар үшін ауызсу тарифі 32 тг шамасында болуы тиіс.
Жалпы Наурызым ауданында 11 елді мекен бар. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша соңғы 5 жылда соның 3-еуі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Жақында тағы бір ауылға су құбыры тартылуы тиіс. «Тек оның бағасы біздің мүмкіндігімізге сай болса екен», –дейді тұрғындар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг