9 қазақстандық оқушы халықаралық математика олимпиадасынан алтын медальмен оралды
Азия халықаралық математика олимпиадасына еліміздің атынан қатысқан білімді оқушылар алтын медаль алып келді. Барлығы білім сайысына әлемнің 18 елінен 913 оқушы қатысқан. Мерейі үстем болып елге оралған жастарды жақындары Алматы әуежайында құшақ жая күтіп алды.
Әеужайда ұлдарын тағатсыздана күткен ата-аналар мен достары қуанышты. Өйткені Тайваньда өткен халықаралық математика олимпиадасына қатысқан 9 баланың барлығы ең жоғарғы жүлдемен оралды. Алматылық Темірлан Әбдіқадыр бұған дейін де осындай білім бәсекесінде топ жарған. Бұл жолы да білімі өзгелерден озық екенін дәлелдеді.
Темірлан Әбдіқадыр, халықаралық математика олимпиадасының жеңімпазы:
- Болашаққа жоспарым – әлемдегі ең мықты ЖОО-ға түсіп кету.
Темірлан – Алматыдағы «Білім-Инновация» мектеп интернатының оқушысы. Жалпы осы мектептің 27 оқушысы биыл түрлі білім олимпиадаларында жүлделі орындарды жеңіп алды.
Ғалымжан Өскенбай, Алматы «Білім-Инновация» лицейінің директоры:
- Осының алдында ғана оқушымыз Темірлан АҚШ-та өткен ағылшын тілі олимпиадасында алтын медаль иегері болып келген. Ол екі айда екі қуанышты жаңалықпен, алтын медальмен келіп отыр. Оқушымызға сәттілік тілейміз!
Ал қазір АҚШ-та білімін жетілдіріп жатқан Әділ Тоқтасын олимпиаданың абсолюттік чемпионы атанып, арнайы кубокті иеленді. Сонымен қатар Аслан Қасымхан, Рахат Нұрғали, Рахат Сейітжан, Әлихан Медеуов, Әли Байжігітов пен Эмиль Магай алтыннан алқа тағып, еліміздің намысын абыроймен қорғап келді. Дарынды жастар енді өз білімдерін шетелдік іргелі ЖОО-да жалғастыруды жоспарлайды.
Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов