Көк-Төбеде шыққан өрттен қаза тапқан адамға қатысты тергеу жүріп жатыр
Жалын шарпыған аумақ көлемі де ұлғайды. Жалпы алауды ауыздықтауға ондаған техникамен қатар тікұшақ жұмылдырылды. Өрт сөндірілгенімен, бір адам қаза тапты.
Кешелі бері Көк-Төбенің басын көк түтін тұмшалады. Тілсіз жаумен күресті үздіксіз жүргізген өрт сөндірушілер мен төтеншеліктер оқыс оқиғаға әрдайым дайын екендіктерін танытып, табиғи апатқа тосқауыл қойды. Таудағы іс-қимыл қиынға соққан соң өртті сөндіруге тікұшақтар әуеге көтерілді. Жалын шарпыған аумақты құтқару әрекеті 5 сағаттан артық уақытқа созылды. Бірақ бір жерде өшкен өрт келесі бір жерде қайта лаулады. Кешкі сағат 20:15-те өрт сөндірушілер Көк-Төбеге қайта көтерілді.
Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:
- Сағат түнгі 00:00-де өрт толығымен сөндірілді. Қазіргі кезде төменде тұратын жеке меншік тұрғын үйлерге ешқандай қауіп жоқ. Өрт толығымен сөндірілді.
Жалын шарпыған жер аумағы 10 гектардан асады. Кеше өрт болған жерде адам мәйіті табылды. Қатты күйгендіктен, оның тұр-тұлғасын анықтау мүмкін емес.
Ол адамның жеке басын анықтау үшін қазіргі таңда генетикалық және геномдық сараптамалар тағайындалды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Негізі арнайы құрылған тергеу тобының қызметкерлері барлық болжамды жоққа шығармайды. Оның ішінде «криминалдық тұрғыдан болуы мүмкін» деген болжам да міндетті түрде есепке алынады және жіті тексеріледі.
Ал тауда қайта тұтанған өрт көп ұзамай сөндірілді. Қалалық Төтенше жағдай департаментінің өкілдері оқиғаның себеп-салдарын сараптап, анықтауда.
Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев