Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысына көңіл айту жеделхатын жолдады
«Бұл зұлымдыққа толы лаңкестік шабуыл қасиетті мұсылман мерекесі Құрбан айт қарсаңында жасалғаны жан түршігерлік жағдай. Әлемдік қауымдастықтың зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен және батыл күреске шақыратын үндеуін қолдай отырып, Қазақстан лаңкестіктің ешқандай түрі мен көрінісін қабылдамайды. Біз БҰҰ қызметкерлерінің жаһандық ұйымның игі мақсаттарына қол жеткізу жолындағы қызметін жоғары бағалаймыз», – делінген жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, 11 тамызда Ливияның Бенгази қаласында жарылыс болып, БҰҰ-ның 3 қызметкері қаза тапты. 10 адам жараланды. Олардың арасында балалар да бар. Бомба көлікке қойылған. Лаңкестік шаһардың батыс бөлігіндегі базардың алдында болды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, Құрбан айт кезінде жасалған лаңкестікті қатаң айыптаған еді. Ливияда қазір Триполидегі Фаиз Сарадж үкіметі мен генерал Халифа Хафтар әскері арасында соғыс жүріп жатыр. Хафтар Құрбан айтта атысты уақытша тоқтататынын мәлімдеген болатын.