Ақордада Қазақстан мен Еуропалық Одақтың стратегиялық серіктестігі сөз болды
Кездесуде тараптар Еуропалық Одақ қабылдаған Орталық Азия өңірі бойынша жаңа стратегиясы аясындағы өзара іс-қимылы мен оны іске асырудың нақты қадамдарын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің Еуропалық Одақпен жан-жақты серіктестік орнатуға қандай көңіл бөлетінімізді білесіздер. Еуроодақ – ең үлкен сауда-инвестициялық серіктесіміз. Сондықтан Туск мырзаның президенттік сайлау алдындағы сапары кезінде айтылған уағдаластықтың ешбірі күшін жоймайды. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы ынтымақтастықты арттыруға ниеттімін. Ең бастысы, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы түсіністікті күшейте беру керек. Біз конструктивті кеңес-ұсыныстарды қабылдауға, ашық диалог құруға әрқашан дайынбыз. Ұйымның жаңа басшысымен де тығыз байланыс орнатуға дайынбыз.
Петер Буриан, Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі:
- Президент мырза, өзіңізбен кездесіп, Туск мырза мен Магирини ханымның сәлемін жеткізуге мүмкіндік бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Біз үшін Қазақстанмен орнатылған ынтымақтастық өте маңызды. Еуропалық Одақ болашақта да сіздермен екіжақты және өңірлік деңгейде мықты, сенімді серіктес болуды қалайды.
Еске салсақ, мамыр айында Нұр-Сұлтанға Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск Орта Азия мемлекеттері бойынша туры аясында арнайы келген. Жыл ішінде Еуроодақтың екі бірдей лауазымды өкілінің Қазақстанға келуі – терең сабақтастықтың дәлелі. Еліміздің сауда-саттығының тең жартысы Еуроодақпен жасалады. Алыс-беріс өткен жылы 37,7 млрд долларға жетті. Бір қызығы біз Еуропадан алғанымыздан береріміз көп. Экспорт 31 млрд, импорт 6,7 млрд доллар. Елімізде еуропалық капитал тартылған 6 мың бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр.