Есік қорық-музейіне келушілер көбейді
Еліміздің брендіне айналған Алтын адаммен танымал бұл орталық қазіргі таңда тек тарихи жәдігерлерді сақтаумен қатар ғылыми зерттеу мекемесіне айналды. Мамандар алдағы уақытта да тарихи тың дүниелерді зерттеп, жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енген Есік қорық-музейі 2010 жылы ашылған. Осы уақыт аралағында көптеген ғылыми жобаны жүзеге асырып, шетелдік ғалымдармен байланыс орнатқан. Ал осы өлкеден табылған Алтын адам қазір Есік музейінің ғана емес, еліміздің символына айналып отыр.
Әсел Жақсылықбайқызы, қор сақтаушысы:
- Ең бірінші келген қонақтар шынымен Алтын адамға қызығушылық танытады. Әрине, ең бірінші кезекте Алтын адамның шығу тегі, ол кім болған және қалай жерленген, жалпы жерлеу ғұрпына қызығушылық танытып жатады.
«EXPO көрмесінен кейін Есік музейіне келетін шетелдіктердің саны артты», – дейді орталық қызметкерлері. Туристерге түсінікті болу үшін қорық музейіндегі экспозициялар 4 залға бөлінген. Бірінші зал сақ мәдениеті мен тарихына арналса, екіншісі Алтын адамның тарихынан сыр шертеді. Ал үшінші залда Қазақстан археологиясы туралы мәліметтер, одан кейінгі зал уақытша көрмелерге арналған.
Максимилиан Гротхаус, тарих ғылымдарының докторы:
- Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім екен. Ресейде оқып жүргенде ТМД елдерінің тарихын зерттеген болатынмын. Содан қазақ елінің киелі жерлерін көру арманым болды. Түркістан мен Ордабасы және Шымкентте болдық. Енді Есік музейіне келіп тұрмыз. Керемет әсер алдым. Тарихтан біле бермейтін тың мәліметтер бар екеніне көз жеткіздім.
Қазіргі таңда музей мамандары өрнек қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Рахат қалашығындағы 2016 жылы басталған зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Енді ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми конференция өткізбек.
Досым Зікірия, музейдің ғалым-хатшысы:
- Қазақстандық ғалымдар және шетелдік әріптестер қатысатын ғылыми конференция ұйымдастырамыз. Жай ғана зерттеу жұмыстары емес. Бұрын ғылыми ортаға белгісіз болып келген жаңа бір ғылыми деректер, ғылыми ескерткіштер ашылады деген ойдамыз.
Қазіргі кезде жергілікті жұрт та музейге жиі келе бастады. «Бұл – халықтың күннен-күнге мәдениетіміз бен тарихымызға деген қызығушылығы артып, рухани жаңғырып жатқанының белгісі», – дейді музей қызметкерлері.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов