Өскеменде жолаушы тасымалдайтын автобустарда экологиялық талаптар сақталмайды
Мәселен, Өскеменде жолаушылар тасымалымен айналысатын 200 автобустың 75-інде тиісті экологиялық талаптар сақталмайды. Мұны арнайы рейд жүргізген сарапшы мамандар анықтап отыр. Енді бұл іске табиғат қорғау саласының қызметкерлері араласпақ. Осылайша олар қоғамдық көліктердің жүру кестесін анықтап, апатты жағдайдағы автобустардың жолға шығуына шектеу қою туралы мәселені көтермек.
Газ мөлшерін анықтайтын құралдары бар бұл азаматтардың жолаушылар тасымалымен айналысып жүрген көліктерді нысанаға алғанына екі апта болды. Сарапшы топ әр көліктің газ шығаратын трубасына үңілуге дайын. Өлшемдер көңіл көншітпейді. Әрбір үшінші автобус шектен тыс улы газ шығарып, ауаны ластауда. Кейбірі тіпті әбден ескіріп кеткен.
Рейдке қатысқан полиция қызметкерлерін бұл көрсеткіштер аса таңғалдырмады. Өскеменнің автопаркі әбден тозған. Ондағы кейбір көліктердің желіде жүргеніне 20 жылдан асқан. Сондықтан экологиялық талап үдесінен шыға алмасы белгілі. Алайда мұндай көлік тізгіндегендерге 2-5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Автопарк иелеріне де шара қолданылады.
Әсел Әміренова, қалалық Полиция басқармасының баспасөз хатшысы:
- Автопарк иелеріне де осындай хаттамалар толтырылатын болады. Бұл рейд шарасы тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
Ал экологтардың қолында нақты деректер сайрап тұр. Автобустардың түтінінен көміртек, формальдегид сынды 450-ден астам қауіпті қоспа табылған. Сондықтан олар бұл істі соңына дейін жеткізіп, тым ескі әрі апатты жағдайдағы қоғамдық көліктерді қатынастан алдыруға ниетті.
Дмитрий Корешков, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы:
- Жұмыс тобы құрылады, оның құрамында әкімдік өкілдері, қоғам белсенділері бар. Осылайша бұл келеңсіздікті жоюдың барлық амалын қарастырамыз.
Қала әкімдігі болса муниципальді автопарк құруды жоспарлап отыр. Осылайша жекеменшік және мемлекеттік әріптестік негізінде жаңа автобустар сатып алынып, олар жекеменшік ұйымдарға жалға беріледі.
Владимир Землянский, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Қаладағы қоғамдық көліктердің паркін жаңарту туралы жоспар қарастырылып жатыр. Шамамен 85 жаңа автобус сатып алынады. Олар тасымалдаушы тарапқа жалға берілуі мүмкін.
Автобус паркі келер жылдың алғашқы жартысында жаңартылады деп көзделуде. Әзірге шыдаммен күтуден өзге амал жоқ. Ескі көліктерді қатынастан алу мәселені одан сайын ушықтыруы мүмкін. Өйткені қазір қалада онсыз да қоғамдық көлік жетіспейді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов