19:00 Әрі қарай: Айқын Төлепбергеннің «Жүрегім ақ» атты жеке концерті
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Ақмола облысы орталығының бүтін бір ауданы жолсыз отыр

  • Категория: Сюжеттер
Zhol maselesi
Zhol maselesi

Көкшетаудағы Бейбітшілік мөлтекауданының тұрғындары осымен 10 жылдан астам уақыт жол азабын жырлап келеді.

Аталған елді мекенге жолдың жоқтығынан қоғамдық көліктер де қатынамайды. Бұл мәселені бірнеше мәрте көтерген болатын. Алайда әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Қала тұрғындары саналатын Бейбітшіліктің ел-жұрты қашанға дейін осылай отыра бермек?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бейбітшілік шағын ауданының тұрғындары осы қырды 10 жылдан астам уақыт асып келеді. Мұндағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осы азапты көріп келеді. Басқа амал жоқ. Себебі қала жақ бетте мектеп, балабақша, автобус аялдамасы секілді керектінің барлығы орналасқан.

Үш баланың анасы Айгүл Бектенова осы жолмен күніне шамамен 8 шақырымды бағындырады. Себебі балаларын балабақша мен мектептеріне алып бару керек.

Айгүл Бектенова, қала тұрғыны:

- Бір балам мектепке, екіншісі балабақшаға барады. Соларды күнде алып барып, алып келеміз. Жол мәселесі қиындау болып тұр. Сазбен өтеміз. Жауындар болады. Көліктің өзімен де саздың үстінен өту қиын.

Тұрғындардың айтуынша, жол азабы күн жылы кезде қатты сезіле қоймайды. «Ал көктем мен күздегі, қақаған қыстағы азапты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді олар. Әбден қиналған халық жолды енді өз күштерімен жөндеуге кіріскен.

Қайрат Қанапин, қала тұрғыны:

- Мына жолды қырдан төмен қарай өз күшімізбен дұрыстап жатырмыз. 20-30 шақты үй ақша жинады. «Әлі де береміз», – дейді. Автобус жүрмейді. Халыққа өте қиын.

Шолпан Қасенова, қала тұрғыны:

- Әкімдікке жаздық. Қыстыгүні қатты суық, аяз болады. Жол жоқ. Қазіргі уақытта да саз. Жер болса езіліп жатыр. Аяқ киімдері сазға батып, кейде жүре алмай келетін күндері де болады. Біз 2006 жылдан бері тұрып келеміз. Содан бері көріп келе жатқанымыз бейнет.

Бейбітшілік мөлтекауданы шаһар іргесінен осыдан 13-14 жыл бұрын пайда болған. Мұнда қазір 700-ден астам түтін бар. Көбісі ауылдан көшіп келгендер. Бірақ «өркениеттің ордасы» деп, қалаға қоныстанғандағы көріп отырғандары осы. Бейбітшіліктегілердің бейнетін айтып, жауапты мекемелердің басшыларына жолықтық. Айтуларынша, аталған ауданның жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойыпты. Енді тек қаржы бөлінсе болғаны.

Юрий Шидловский, қалалық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі:

- Жоба бойынша Бейбітшілік ауданында 3 шақырымға жуық жол салу қарастырылған. Ол бас-аяғы 5 көшені қамтиды. Жолдың жалпы ені 7 метр болады. Көше бойына 14 аялдама қою жоспарланған. Яғни жол салынған соң автобус та жіберіледі. Ал құрылысқа 770 млн теңге қаражат қажет. Енді оны бюджетке ұсынамыз.

Алайда аталған жоба биыл жасалғанмен, ол осы жылдың бюджетіне ілінбей қалған. Сондықтан тұрғындарға жол құрылысын келесі жылға дейін күтуге тура келеді. Онда да қаржы бөлінсе ғана. Осылайша бұл проблеманың шешімі тағы да уақыт еншісіне қалып отыр. Бірақ бір үміттендіретін жағдай, бұл мәселеде бұрынғыға қарағанда қозғалыс бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Сондай-ақ...

Серіктестердің жаңалықтары

Загрузка...