Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті
Президент үлкен үстел басына халықтың үнін есту үшін асыққандай. Ашық пікір үшін мұндай форматта кеңес құру идеясын алғаш рет Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айтқан болатын. Содан бері үш ай өтті. Кеңестің қазір 44 мүшесі бар. Төрағасы – Президенттің өзі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы міндетті ойдағыдай жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп сенемін. Біз халықтың сенімін ақтауымыз қажет. Әрбір азаматтың мүддесі біз үшін аса маңызды.
Кез келген мемлекеттің өз түйткілдері болады. Бірақ сол түйткілдердің түйінін тарқатпай тұтас жұта берсек, жұтаңданамыз, тіпті жұтыламыз да. Бізді қуантатын бір нәрсе бар. Ол – елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын, қарай алмайтындардың қатары көбейді, көбейе де бермек. Мұны азаматтық қоғамның қалыптасуы десек те, демократияның үлгісі десек те, әйтеуір қоғамда қозғалыс бар. Дегенмен ой еркіндігін, пікір алуандығын біздің халық «даурығу» деп түсінбеуі керек. «Бізге кемелденген демократия керек», – деген Президент халқына тағы да басу айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мың шетелдік жұмыскер тартылады деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Тағы да шегелеп айтамын: жерімізді ешкімге бермейміз, халықтың мұң-мұқтажын әрқашан ескереміз. Шетелдік инвестиция тек қана қажетті салаларға тартылады.
Әр алуан пікір – біртұтас ұлт. Президенттің ұстанымы осы. Демек, тыңдайтын, еститін билік бар. Енді айтатын, айта алатын азаматтар керек. Ол миссия кеңестің мына отырған мүшелеріне жүктелген. Кеңес үш топқа бөлініп жұмыс істейтін болады. Экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыру топтары елдің сөзіне құлақ асып, ол ұсынысты Қоғамдық сенім кеңесінің отырысына шығарады. Алғашқы отырыстың өзінде аз нәрсе айтылған жоқ. Соның бірнешеуін саяси жаңғыру тобының мүшесі Айдос Сарым 5 заңға өзгеріс енгізуді, тіпті қайта жазып шығуды ұсынады.
Айдос Сарым, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Бұл заңдар атап айтсақ, 1995 жылы қабылданған митингілер туралы заң, 2002 жылы қабылданған саяси партиялар туралы заң, 1999 жылы қабылданған БАҚ туралы заң, бағынан соры көп, 1995 жылдан бері мың жамалған Сайлау туралы заң, ҚР Парламент және оның депуаттары туралы заң деп санаймыз. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару, сот реформалары туралы тұжырымдамалар қабылдануы тиіс деп ойлаймыз.
Михаил Дорофеев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Митингіге қатысты заңға келер болсақ, бұл – өте проблемалық заң. Ол ертеде жазылған және оның мәтіні 1,5 беттен аспайды. Сондықтан біз оны толықтырып қана қоймай, мүлдем жаңа заң жазып шығуға тиіспіз. Біз кеңестің келесі отырысында жаңа заң жобасымен келеміз деп жоспарлап отырмыз. Бейбіт митингілерге биліктен рұқсат сұрамай-ақ тек өтетін жері мен уақытын хабарлау нормасын енгіземіз деп отырмыз.
Азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңес бір-бірін толықтырып тұруы тиіс. Бұл – Алматы Менеджмент университетінің президенті әрі кеңес мүшесі Асылбек Қожахметовтің ойы. А.Қожахметов белсенді азаматтарды ұлттық компаниялардың директорлар кеңесіне енгізуді ұсынды.
Асылбек Қожахметов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың квазимемлекеттік секторды қысқарту туралы ұсынысын және шешімін қолдай отырып Қазақстан экономикасының 60% астамын құрайтын сектордың ашықтығын қамту үшін бір белсенді азаматты «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» және оларға еншілес компанияларының директорлар кеңесіне, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлік корпорация кеңесіне енгізуді ұсынамын.
Отырыс барысында сөз алған саясаттанушы Саясат Нұрбек елде тиімсіз жұмыспен қамту белең алғанын айтады. Біздегі білім беру жүйесі бизнеске құлақ аспай келеді.
Саясат Нұрбек, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Жұмыс берушілердің 91% түлектердің практикалық білімі мен машығы жоқ екенін айтуда. Диплом иелерінің жартысына жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 25 жастан кейін біздің адамдар білім алуды тоқтатады. Біліктілігін арттыруға зер салмайды. «Еңбек кедейлігі» деген түсінік қалыптасты. Мысалы, бізде дәрігер мен көлік жүргізушісінің айлықтарындағы айырмашылық 20% аспайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш – 260%, Германияда – 174%, Бразилияда – 172%. Осылайша неғұрлым жоғары білікті, шығыны елеулі мамандықтарға сұраныс байқалмай отыр. Бұл – өте күрделі мәселе.
Айман Омарова Президентке адвокаттар туралы заңға өзгерістер енгізу, БАҚ туралы заңды өзгертіп, журналистерге тұсау салған Қылмыстық кодекстегі 130 бапты алып тастау және түрме реформасын жүргізу сынды ұсыныстарын айтты.
Айман Омарова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Мен зорланған әйелдерді қорғаған кезде қиын деп ойлағанмын, ал зорланған балаларды немесе мүгедектерді қорғау одан да қиын. Менің зорлауға қатысты 9 ісім бар, бәрінде бала зорланған. Бұл ретте жеке департамент құрылуы керек деп ойлаймын.
Қоғамдағы мәселелер қордаланып қалды. Халықтың үні билікке жетті.
Берік Әбдіғалиев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Отырыс салмақты өтті. Көптеген эмоциялық ұсыныс бар еді, келесі жолға қалдырып отыр деп ойлаймын. Бірақ ең басты мәселелер көтерілді. Нақты-нақты ұсыныстар берілді. Айтылмаған нәрселер әлі де бар.
Кеңестің мүшелері көшпелі отырыстар өткізбек. Алғашқы аймақ – Арыс. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің келесі, яғни екінші отырысы енді 3 айдан кейін елордада ұйымдастырылады. «Оған дейін осы айтылғандарды тез арада іске асыруға кірісу керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ жай ұрандарды қойып, нақты қадамдар жасауымыз қажет. Пікірлеріңізбен келісуге болады. Оларды бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз қажет.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов