Биыл 35 мың тонна ет экспортталуы тиіс
Себебі бағасы шарықтап тұр. Еліміздің оңтүстігінде еттің көтерме бағасы 1600, солтүстігінде 1800 теңге болғанымен, бөлшек саудадағы бағасы тым жоғары. Тіпті кей жерде сиыр етінің келісі 2800 теңгеге жеткен. Жақында ғана құрылған ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері қымбатшылықты еттің көп бөлігі экспортқа кетіп қалуымен байланыстырады. Яғни инфляцияға әсер етіп, ішкі нарықта бағасы аспандап кетеді.
Азамат Асқарұлы, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:
- ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты шектеу қою керек. Егер бізге ұсыныс жасаса, біз тиісті шараларды қолға аламыз. Халықтың қажеттілігін нақты есептеп, ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге жағдай жасау керек. Әрине, қазір біз бірлесіп жұмыс жүргізіп отырмыз.
Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі болса: «Бағаның қымбаттауына экспорттың қатысы жоқ», – дейді. Мәселен, мал азығы мен жанармай құнының өсуі. Шаруа малын сатарда осының бәрін есепке алады. Айта кетейік, былтыр 126 мың тонна жылқы, 500 мың тонна қара малдың еті, 150 мың тонна қой еті өндірілген. Бұдан бөлек, құс еті, аздап түйенікі де, шошқа еті де шығады. Әзірге жылына 35 мың тонна ғана экспортқа кетіп отыр.
Қайрат Матаев, ҚР АШМ департаменті директорының орынбасары:
- Ет жеткіліксіз деген проблема біздің елде жоқ. Қымбаттауы экспортқа байланысты емес. Жанармай құны өссе, шаруа да шығынын бағаға қосады. Көтерме баға қымбат емес, ал сауда үйлеріндегі бағаны ҚР Сауда және интеграция министрлігі бақылауы тиіс. Делдалдар да бағаны көтеріп жіберуі мүмкін.