507 мың азаматтың қарызы кешіріледі
Әзірге тек 507 мыңнан астам борышкердің тізімі жасалды. Ұлттық банк бірінің микронесиесін жауып, енді бірінің қарызын азайту ісін бастады. Қарыз 1 маусымға дейін кепілсіз алынған тұтынушылық несие ғана болуы тиіс, қандай мақсатта алынғаны маңызды емес. Қарыз азаматтардың кірісіне қарамастан кешіріледі, яғни мұқтаж не мұқтаж еместігі ескерілмейді. Президент Жарлығы бойынша көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, АӘК алушылар, жетім немесе асыраушысынан айырылған жандар мемлекеттік бір реттік көмекке иек арта алады. Олар өздерінің тізімде бар-жоғын 111 Call-орталығына хабарласып, білуі тиіс. Егер есімдері болмаса, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Әділет министрлігінде жеке немесе отбасылық мәліметтерін жаңартуы шарт.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
- Көпбалалы отбасылар тізімде болмаса, ҚР Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізу керек. Сіздерге келердің алдында қабылдау жүргіздім. Оның ішінде асыраушысынан айырылғандар да бар. Негізінен базадан қарап анықтама жасағанда ол кісілердің жәрдемақылары 1 маусымға дейін тоқтатылған. Негізі баласы оқу орнын бітіріп, кетіп қалған.