Бердібек Сапарбаев ІТ университеттің білім беру барысымен танысты
Университет сұранысқа ие мамандар әзірлейді. Киберқауіпсіздік, компьютерлік ғылым, индустриялдық инжиниринг және IT-менеджмент бойынша еліміздің және шетелдің үздік ұстаздары дәріс береді. Оқу орны ірі инновациялық кластерлердің бірі және IT индустриясының орталығы ЭКСПО аумағында орналасқан. Университет құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жаңа оқу орнына барып, студенттер және оқытушылармен кездесті. Студенттердің көбі еліміздің әр өңіріндегі физика-математика бағытында білім беретін мектеп гимназияларының түлектері екен. Сондай-ақ мектепте робототехника ғылымымен айналысқан үздіктердің біразы осы университетті таңдаған.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Сіздер біздің ойымызша, бақытты азаматтардың бірісіздер. Себебі сіздер университеттің алғашқы студенттерісіздер. Өздеріңіздің әріптестеріңізбен бірге халықаралық деңгейге сай білім аласыздар. Қазақстанның дамуы үшін, қазіргі ХХІ ғасыр талабына сай басқа мемлекеттерден қалмау үшін өз үлестеріңізді қосасыздар.
Дариға Сақтағанова, Astana IT University студенті:
- Бұл университеттің ерекшеліктері көп. Біріншіден оқу небәрі 3 жыл, екіншіден оқу тек ағылшын тілінде өткізіледі, ал үшіншіден орналасқан жері ЭКСПО аумағы. Мен көптеген оқытушымен танысып, жақсы араласып кеттім. Олар өте сыпайы, түсінікті адамдар екен.