СҚО-да тұратын Дүйсенбековтер отбасы бүгінде 5 бала тәрбиелеп отыр
Бұл – СҚО-дағы Дүйсенбековтер отбасының өмірлік ұстанымы. Отау құрғанына 20 жылдан асқан Жомарт пен Гүлден бүгінде 5 бала тәрбиелеп отыр.
Жомарт Дүйсенбековтің қызметі қауырт. Ол – Мамлют аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары. Тәртіп сақшысы таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүреді.
Полиция майоры Жомарт – 5 баланың әкесі. Үлкен ұлы Әділ – студент. Әдия, Әдина, Әдиет мектепке барады. Ал үйдің еркесі Айя бірден асты.
Жомарт Дүйсенбеков, Мамлют аудандық ПБ бастығының бірінші орынбасары:
- Отбасымызда он адам: 6 қарындасым, ағам және 2 інім бар. Өзім көпбалалы отбасыдан шыққаннан кейін, өзімізде де жоқ дегенде 2 ұл, 2 қыз болу керек сияқты болып тұр. Қазір шүкір 5 кішкентайым бар.
Көпбалалы отбасы көпшіл. Бұл үйдің дастарханы жиылмаған. Анасы асүйде қыздарымен түрлі тағамдар дайындайды. Гүлден Дүйсенбекова үшін бақыт деген осы. «Тәрбие тал бесіктен», – дейді ол.
Гүлден Дүйсенбекова, Мамлютка қаласының тұрғыны:
- «Ешқашан қолымнан келмейді» дегенді айтпа деп үйретеміз. Себебі қолымнан келмейді, менде бола алмайды десе, онда ол шынымен де болмайды. Ал егер «иә, менің қолымнан келеді, мен тырысамын» десең, сонда ғана қолыңнан келеді деп үйретеміз балаларды.
Жомарт пен Гүлден әр балаға зор үміт артады. «Ең бастысы отбасылық құндылықтарын сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырса игі», – дейді олар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев