Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездесті
Кездесу барысында Мәжіліс төрағасы Елбасын төменгі палатаның жаңа саяси маусымдағы жұмысымен таныстырды. Мәжіліс қарауында қазіргі таңда 45 заң жобасы бар. «Nur Otan фракциясына Елбасының әлеуметтік бастамалары, «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен Президенттің сайлауалды бағдарламасының сапалы орындалуын бақылау бойынша ерекше міндет жүктеледі», – деді Нұрлан Нығматулин. Тұңғыш Президентке сондай-ақ алдағы Еуропа мен Азия Парламенттері спикерлерінің отырысына дайындық барысы баяндалды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Үлкен халықаралық жиынға 65 мемлекеттен делегат келетін болды. Оның ішінде 43 делегацияны спикерлер өздері басқаратын болды. Бұл – соңғы 20 жылдың ішіндегі ең жоғары деңгейде өтіп жатқан Парламент жиыны. Биыл ол Еуразия идеясының 25 жылдығына арналып жатыр.
Отырыс – Еуропа мен Азия мемлекеттерінің маңызды саяси оқиғасы. Парламент спикерлерінің 4-жиыны «Үлкен Еуразия: диалог, сенім, серіктестік» тақырыбында өтеді. Қазақстан ұсынған күнтәртіп Еуропа мен Азияның ықпалдастығын күшейтіп, қауіпсіз әрі тұрақты Еуразия аймағын құруды көздейді.