Мәжіліс Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасымен танысты
Бұл туралы Мемлекет басшысы жуырда халыққа жолдауында тапсырды. Мәжілісте арнайы заң жобасын талқылауға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, заңгерлер мен қоғамдық бірлестік өкілдері де шақырылды.
Адам құқығы, азаматтардың қауіпсіздігі заң үстемдік құрған, саяси толысып жетілген мемлекетте толық қорғалуы тиіс. Президент тапсырмасын орындау үшін Жоғарғы сот пен Әділет министрлігі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын әзірледі.
Наталья Пан, ҚР Әділет министрінің орынбасары:
- Кодекс қабылданса, қоғамның басқару шешімдеріне белсене қатысу кепілдігін бекітеді. Билік органдарымен арада дау туындаса, азаматтардың құқығын тиімді қорғау механизмдері орнатылады.
Себебі қазір көп жағдайда дау кезінде кәсіби, білікті заңгерлері бар мемлекеттік органдармен текетіресте қарапайым азамат жеңіліс табады. «Жоба теңдік әкеледі», – дейді депутаттар.
Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір жағында мемлекеттік орган, мемлекеттік аппарат тұратын болса, екінші жағында қарапайым азамат тұрады. Ол өзінің білім деңгейі мен мүмкіндігінің арқасында өзінің шындығын дәлелдей алады. Қазіргі жаңа Кодекс талаптарына сәйкес оның кінәлілігі презумцияланатын болады.
Мәжіліске әдеттегідей халыққа қажетті жобаны талқылауға қоғам белсенділері, тәуелсіз сарапшылар мен заңгерлер шақырылды. Себебі қоғам атынан олар жұмыс тобына өз ұсыныстарын жеткізе алады.
Айдос Сарым, саясаттанушы, қоғам белсендісі:
- Қатысып, өз пікірімді айтуға дайынмын. Ең басты мәселе – осы айтылғандардың дәлелденіп шығуы. Адамның құқығы, өмірі ең басты құндылық, принцип болып табылады. Сот төрешілері өте белсенді болуы керек. Мемлекеттік органның ықпалына түспей, азаматтардың құқығын қорғауы тиіс.
Сот бүгінге дейін тек тараптар шама-шарқынша жеткізген дәлелдерге сүйеніп үкім шығарып келсе, енді жаңа жобада сот төрешісінің өзі дәлел-дәйек жинауға құқылы. Заң негізінде азамат сотқа дейін билік органына шағымдана алады. Ал мемлекеттік мекеме арызданушыны шешім шығару процесіне толық қатыстыруға міндетті.
Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Судьялардың мүмкіндігі кеңейетін болды. Бұл жоба азамат пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастың жаңа парадигмасын құрады. Қазіргі заңда қарапайым адам билік шешімімен келіспесе, себебін, дәлелін әкелуге міндетті болса, жаңа құжатта арызданған адамның әрекеті алдын ала дұрыс деп танылып, мемлекеттік орган өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті болады.
Заң жобасы жұмыс топтарында әлі талай талқыланады. Азаматтық қоғамның да барлық ұсынысы ескеріледі.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбын Құсанбеков