Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан-Қытай қатынастарының даму перспективаларына қатысты өз ойымен бөлісті. Күн тәртібіндегі екіжақты мәселелерден бөлек, қытайлық журналистерді Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі халықаралық қатынастардағы Қытайдың рөліне және осы елдің 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы жетістіктеріне берген бағасы ерекше қызықтырды. Сондай-ақ Президент өзге де жеке мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы онжылдық ішінде Қытай ғажап өзгеріс жолынан өтті. Менің көз алдымда болған Қытайдағы реформалар ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы ең керемет оқиғалардың бірі деп еш күмәнсіз айта аламын. Осыдан 40 жыл бұрын Қытай халқының басым көпшілігі кедейлікте өмір сүрді. Жалпы ел сыртқы әлемнен оқшау болды. Индустрия, технология, ауыл шаруашылығы салалары бойынша озық елдерге қарағанда Қытай айтарлықтай артта қалған еді. Түбегейлі өзгерістер қажет болды. Ең алдымен ұлттық экономиканы жаңғырту керек болды. Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайта беру Қазақстан үшін өте маңызды. Біз өз тарапымыздан Қазақстан-Қытай қатынастарының ойдағыдай дамуына айрықша назар аударамыз.