Онкологиялық диспансер іргесінен жерлеу бюросы ашылды
Аталған емдеу нысанына күніне жүздеген науқас келеді екен. Алайда жерлеу қызметін үйлестіруші орталықтың осы жерден ашылуы көптің көңілін күпті етіп отыр.
Бұл жерде бұрын дәріхана болыпты. Ғимараттың қазіргі иелері оны жөндеуден өткізіп, жерлеу бюросына айналдырған. «Өмір болған соң, бұл қызмет те керек. Бірақ дәл осы емдеу нысанының қасында болмағаны жөн еді», – дейді тұрғындар.
Балымжан Жарлығапова, қала тұрғыны:
- Эстетикалық тұрғыдан алғанда бұл дұрыс емес. Бірақ кейде адамдардың дәл осы мекеменің қызметіне зәру болатын кездері де болады. Әсіресе ауыл тұрғындары қайда барарын білмей дағдарып қалып жатады. Сондықтан бұл қалыпты жағдай әрі осындай мекеме қажет. Өмір бар жерде өлім бар, ол үшін қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Татьяна Коркина, қала тұрғыны:
- Мұның психологиялық күйзеліске әкелетіні рас. Бірақ біз обыр дертінің салдары туралы онсыз да теледидардан күнде естіп, көріп жүрміз ғой. Дегенмен бұл жерлеу бюросын тап осы жерге салмауға да болатын еді ғой.
Любовь Қасымова, қала тұрғыны:
- Мекеме болсын, бірақ дәл осы жерде емес. Өйткені бұл жерге емделуге келетіндердің көңіл-күйін басқалармен салыстыруға келмейді. Сондықтан бұл жерге шіркеу немесе мешіт салса дұрыс болар еді. Менің пікірім осындай.
Мәселенің мән-жайын білмекке даулы мекемеге де бас сұқтық.
Наталья Забродина, жерлеу бюросының әкімшісі:
- Біз бұл жерде ем алатын науқастардың да, олардың тума-туыстарының да көңіліне кірбің түсіруді мақсат тұтпадық. Қала бойынша дәл осы бизнесті жүргізуге арналған қолайлы орын жоқтың қасы. Барлық жерде мектептер мен балабақшалар бар. Сондықтан осы жерге таңдау түсті.
Облыста обыр дертіне шалдыққан 7 мыңдай адам диспансерлік есепте тұр. Емдеу нысанына күн сайын 200-ден аса науқас келеді. Қатерлі ісік анықталған тағы 100 шақты сырқатқа осы жерден ем-дом шаралары жасалады. «Сондықтан жерлеуге қатысты қызмет түрін ұсынатын мекеменің көрші орналасуы ақылға сыймайды», – дейді дәрігерлер.
Ерлан Тоқсанов, облыстық онкологиялық диспансердің директоры:
- Жеке кәсіпкерлерге рұқсат беретін мекеме біз емеспіз. Ол қалалық әкімдік, солай емес пе? Сондықтан қала әкімдігі рұқсат бергеннен кейін, қалған сұрақтарды да солар реттеуі керек. Бірақ этикалық жағынан ойлап қарасақ, дәл аурухананың қасында «Ритуал сервис» деген жазу күндіз-түні жарқырап жанып, адмадардың көңілін өзіне қаратып тұрады. Онсыз да ұнжырғасы түсіп, қиналып жүрген адамдарға жығылған үстіне жұдырық болады деп есептеймін.
Жерлеу бюросындағылар өздерінің заң шеңберінде әрекет жасап отырғанына сенімді. «Әдеп нормаларына пысқырмайтындардың әрекеті «Басы ауырмағанның басқамен ісі жоқ!» дегенді еске салатыны рас», – дейді қала тұрғындары.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов