ШҚО тұрғындарын өндірістік кенттің келешегі алаңдатып отыр
Басты себеп: өңделетін кен осы тәріздес басқа комбинаттардан артылмайды. Кәсіпорында қазір еңбек етіп жүрген 246 адамға тау-кен саласы бойынша жұмыстар ұсынылып жатыр. Алайда жергілікті тұрғындар елді мекеннің болашағына алаңдап отыр. Өйткені кеншілер кентінің жылуы мен суы және басқа да инфрақұрылымы комбинатпен байланысты. Комбинат жабылса, жұмысшылар қайда орналасады?
1940 жылы салынған бұл тау-кен комбинаты өңірдегі ең ескі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Негізінен қазылған кенді алғашқы өңдеуден өткізетін комбинат техникалық тұрғыдан тозса да, бүгінге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келді. Кәсіпорынның жабылатыны туралы мәселе соңғы бірнеше жылда көтерілген.
Комбинатта қазір еңбек етіп жүрген 246 адамды жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Ол үшін ауданда арнайы комиссия құрылды.
Елена Старенкова, аудан әкімінің орынбасары:
- Біз аудандағы бос тұрған жұмыс орындарын бірінші кезекте осы комбинатта еңбек еткендерге ұсынамыз. Сонымен қатар кейбір жұмысшыларға жаңа мамандыққа оқыту ұсыналады. Бұл ұсынысты комбинаттың басшылығы да қолдап отыр.
Тау-кен өңдеу фабрикасы басшылығы кәсіпорынды жабу ең тиімді шешім екеніне көз жеткізген. 80 жылдан асқан комбинат бүгінде экологиялық және экономикалық тұрғыдан еш талапқа сай келмейді.
Ермек Дүзкенев, тау-кен өндіру компаниясының менеджері:
- Жыл өткен сайын шикізат көзі, кен көлемі азайып келеді. Қазіргі кен байыту комбинаттарының қуаттылығын қамтамасыз ету керек. Сондықтан компания басшылығы Белоусовка кентінде өңделетін Ертіс кенішіндегі кендерін Николаевка кен байыту комбинатына ауыстыруды жөн көрді.
Кенді байыту комбинатының жабылатынын естіген кеншілер кентінің тұрғындары алаңдап жүр. Себебі елді мекеннің бүкіл тынысы комбинатпен байланысты.
Наталья Галактионова, Белоусовка кентінің тұрғыны:
- 1996-1998 жалдары болған қиындықты әлі ұмытқан жоқпыз. Ол кезде бәрі жабылды. Ешбір кәсіпорын жұмыс істеген жоқ. Елді мекен сусыз, жарықсыз, жылусыз қалды. Енді сол жағдай қайталана ма деп қорқып отырмыз.
Аудан әкімдігіндегі әлеуметтік салаға жауаптылар: «Комбинат жабылғанымен елді мекен сусыз, жылусыз қалмайды», – деп кепілдік беріп отыр. Қазір осы салада қызмет көрсететін басқа коммуналдық компаниялармен келісім жасалып жатқан көрінеді. Ал бүгінде өндірістік кентте 9 мың адам тұрады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин