Қызылорда облысында 30-ға жуық ауыл оңтайландырылды
Осылайша жергілікті басқару тетіктері жүйеленіп, бюджет қаржысы айтарлықтай үнемделіп отыр. Мәселен, Арал ауданындағы тұрғын саны 50-ге жетпейтін 8 ауыл басқа елді мекендермен біріктірілген.
Теміржолдың 91-разъезі Санияз ауылында бір ғана үй бар. Мұнда Сәрсенбай Жұмағұловтың отбасы тұрады. Байырғы теміржолшының бүгінгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ол бір кездері шаруасы шалқыған ауылды қимастық сезіммен еске алды.
Сәрсенбай Жұмағұлов, Санияз ауылының тұрғыны:
- Бастауыш мектеп, дүкендер де болды. Сырдарияның суы тегін болып, күні-түні ағып жатты. Малдың бәрі осы жерде болды. Халық малмен отырды. Енді жұмыс болмаған соң көшіп кетті.
2012 жылы бұл ауылда небәрі 8 үй қалған екен. Ал тұрғын саны 50-ге жетпейтін елді мекендер басқа әлеуеті жоғары ауылдарға біріктіріледі.
Нұржау Ділмағамбетов, Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі:
- Мектеп, фельдшерлік пункт салу керек болды. Біз 8 үй болып тұрғанның өзінде осы жердегі халықпен сұхбаттастық. Келешекте көшеміз деген олардың ойы болды. Сонан соң біз бұл аймақтың болашағы жоқ деп есептедік.
Келешегі жоқ ауылдар қатарында Құмсағыз да бар. Мұнда 6 үй ғана түтін түтетіп отыр. Өркениеттің нышаны байқалмайды. 40 жыл бұрын тартылған су құбыры да тозыпты.
Марат Жүнісов, Құмсағыз ауылының тұрғыны:
- Бұл жердегілер мектебі бар деп барғысы-ақ келеді. Бірақ ол жақ біздің жайылым орнына келмейді. Сондықтан көше алмай отырмыз. Біз осы жерге үйреніп қалғанбыз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Соңғы 7 жылда өңірде 28 ауыл оңтайландырылған. Бүгінде тұрғыны 50 адамға жетпейтін тағы 9 елді мекен бар. «Оларға лайықты әлеуметтік жағдай жасау тиімсіз», – дейді мамандар. Сондықтан шағын ауылдарды біріктіру мәселесі әлі де болса өзектілігін жойған жоқ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев