Үш жасар Максим Гарифуллинді қылмыскер аса қатыгездікпен өлтірген
Сот-медициналық сараптамасының алдын ала қорытындысына сәйкес, сәбидің 2-ші және 3-ші қабырғасы сынып, оң жақ өкпесі жыртылған. Бас сүйегі жарылған. Қаскөй баланың кеудесінен қатты затпен басып, тамағынан тұншықтырыпты.
Естеріңізге сала кетейік, 5 қыркүйек күні Бұрма ауылында Игентай Сопыжанов тапа-тал түсте ауыл ішінде үш жасар сәбиді анасының қолынан тартып алып кеткен болатын. Екі тәуліктен соң Максимнің мәйіті тоғайда табылады. Ал күдікті Қарағанды вокзалында ұсталды. Ол бұған дейін кісі қанын арқалап, 9 жылға түрмеге қамалған еді. Алайда 4,5 жылдан соң шартты жазамен бостандыққа шыққан.
Вера Гервег, Максимнің әжесі:
- Оны адам деп айтудың өзі артық. Бір қарағанда бейкүнә жан сияқты көрінгенмен, іші толған қатыгездік. Періштенің өлімін арқалап, қалай ғана жер басып жүр екен? Ойласам, жүрегім қарс айырылады.
Еркеш Мәукен, Қарағанды облыстық сотының БАҚ жөніндегі үйлестірушісі:
- Тергеу сотының қаулысымен Сопыжановты қамауға екі айға санкция берді. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Өзінің қылмысын пробация бақылауында тұрғанда жасады. Сондықтан да сот үкім шығарған кезде мұның барлығын ескереді.