ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арысты қалпына келтіру жұмыстарымен танысты
Апат кезінде бүлінген 7 163 үй толық жөнделді. 470 үй қайта салынуда. Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арысты қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қала қалыпты өмір көшіне ілесті. Қазір маусым айындағы апатты еске түсіретін белгілер күннен күнге азайып барады. Тек кей көшелерде ғана құрылысшылар соңғы әрлеу жұмыстарымен айналысуда.
Одан кейін Үкімет басшысы Түркістан қаласында салынып жатқан бірнеше нысанды аралыды. Соның бірі – халықаралық әуежей. Жоба түрік компаниясымен бірлесіп жүзеге асуда. Оған 70 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Терминалдың өткізу қабілеті – жылына 3 млн жолаушы. Нысан құрылысы келер жылы бітеді. Түркістанды жасыл қалаға айналдыру жобасы да қолға алынған.
Нұрлан Егізбаев, Арыс қаласының тұрғыны:
- Бұрын осындай үй болатын, бірақ ескілеу еді. Өзім өткен жылы ғана толық жөндеуден өткізіп, өзімізге жайлы қылып салғанбыз. Енді бір қарасақ, өртеніп кетіпті. Кейін білсек, тұруға жарамай қалған. Сосын осындай үй салып берді.