Темір тұлпарды тізгіндеуде темір тәртіпке бағыну керек
Бірақ автомобиль тізгіндеген кейбір жастар бұл қағиданы елеп-ескермейтін секілді. Мысалы Алматы көшелерінде көліктің терезесінде отыру, артқа айдау, қарсы бағытпен жүру тиылар емес. Тек жыл басынан бері осындай 78 дерек тіркелген.
6 қыркүйек. Алматы. Әл-Фараби даңғылы. Темір тұлпарын артымен айдаған мына жігіт өзге жүргізушілердің үрейін алды. Машина ішінде басқа да жастар отыр. Олар да қымсынар емес. Бұл жолы жүргізуші 100 мың теңге айыппұлмен құтылды.
Жандос Мұраталиев, Алматы қаласы Полиция департаменті ӘПБ бастығы:
- Жүргізушісін тауып, толық түсірілген фото-бейне материалдарды көтеріп, оған 6 хаттама толтырылды. Біріншіден ол Шығыс айналма жолында артпен жүріп бара жатқаны үшін, сосын автокөлігіне жалған номер таққаны үшін айыппұл бекітілді.
Мына жігіттің де түрі таныс болар. Иә, сол Назар Роллан ғой. Елдің назарын аудармақшы болып былтыр екі рет тәртіп бұзып еді. Өзінің де, өзгелердің де өміріне қатер тудырды. 7 тәулікке қамалып, айыппұл төледі. «Атың шықпаса, жер өрте» деген осы.
Назар Роллан, қала тұрғыны:
- Мен мұны хайп үшін істедім. Қазір байқасаңыздар, видеоблогерлікті қолға алдым. Аудиторияға тез танылу үшін осындай қадамға бардым. Әрине, дұрыс емес.
Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолы желіккен жастардың бұдан басқа да сорақылықтарының куәгері. Қарама-қарсы бағытпен жүру бер жағы, үйлену той кортежіндегілердің аспанға оқ атқан кездері де болды.
Әсіресе ереже бұзу сенбі, жексенбі күндері жиі болады. Жыл басынан бері осындай 78 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жазушы Қали Сәрсенбай: «Мәселе айыппұлмен шешілсе, мұндай жөнсіздіктер баяғыда басылар еді», – дейді.
Қали Сәрсенбай, жазушы:
- Отбасы құндылықтары күрделі өзгерістерге ұшырады. Дүниенің бәрін байлықпен өлшейді. Басқа да құндылықтармен өлшейді. Біздің мына ұғымға сай емес. Ал оның бәрін сол үйдегі, отбасында тәрбиеленіп отырған бала тыңдап өседі. Сондықтан оның ұғымында осындай болу керек, осылай өмір сүру керек деген жағдай қалыптасады. Мұның ең түбірі сонда.
«Мәселені шешудің бір жолы отбасылық тәрбие мен мәдени құндылықтарды нығайту», – дейді жазушы. Тіпті Балтық елдері секілді орта мектептерде «Театр» пәнін енгізуді ұсынып отыр.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев