Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына екі күндік мемлекеттік сапары басталды
Мемлекет басшысы әуелі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Тараптар елдер арасындағы байланысты бекемдей түсу жайын жеке талқылады. Сондай-ақ Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің алтыншы отырысына қатысты.
Алып алаңдағы алғашқы кездесу. Мемлекет басшылары осыдан үш ай бұрын Бішкекте өткен ШЫҰ кеңесінде кездескен. Дегенмен аспан асты еліне жасалған алғашқы мемлекеттік сапардың мәні бөлек.
Қазақстан мен Қытай әуелі көрші. Сосын да стратегияда серіктес, саясатта серік, экономиканың басқа да секторларында байланысы бекем. Қос көршінің тарихтан тартылатын достығы тағы бар. Жоғары деңгейдегі кездесулердің жиілігі де осы аталғандарды босаңсытпады, бекемдей түсті. Мысалы соңғы 7 жылда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 19 рет кездесіпті. Ал бұл алғашқы кездесуге сарапшылар: «Қазақ-қытай қатынасының жаңа кезеңі басталы», – деп баға беріп жатыр.
Қытай Қасым-Жомарт Тоқаев үшін таңсық ел емес. Кеңес кезеңінде Қытай елшілігінде еңбек етті, Бейжің лингвистикалық институтында тәлім алды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен де осы елде алғаш жүздескен. Әрине, ол кезде оның Тұңғыш Президенттің саясатын сабақтайтынын ешкім сезген жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен сізге Тұңғыш Президенттің, досыңыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан сәлем айтқым келеді. Біздің кездесуіміз ҚХР-дың 70 жылдық мерейтойы барысында өтіп отыр. Бұл – өте маңызды дата. Сондықтан сізге және сіздің халқыңызға тек жақсылықтар тілеймін.
Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:
- Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі мемлекет. Беделі бар. Тұңғыш Президенттің арқасында өзіндік өрлеудің жолына түсті және ол табысты болды. Сіз Президент болғалы «Өрлеу. Сабақтастық. Әділеттілік» дейтін үш негізгі саяси бағдарға сүйендіңіз. Сіздің саяси бастамаңызды қолдаймыз әрі елдер арасындағы байланысты бекемдей түсуге ынталымыз.
Байланыс бар. Оған мына көрсеткіштер куә. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы көрсеткіш бойынша мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 5,6 млрд доллар болған. Соның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты 3,3 млрд долларға жетіп, 43% өсімді көрсетіп отыр. Президенттің бұл сапарынан соң бұл көрсеткіштер өсе түседі. Бейжіңде қос елдің бизнес элиталары кездесті. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің алтыншы отырысына Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы бүгінде Қазақстан инновация мен заманауи технологияға негізделген жаңа экономиканы дамытуға баса мән беріп отыр. Сондықтан біз үшін жоғары технологиялық өндірістердің, сондай-ақ 4.0 индустриясының стратегиялық мән-маңызы айрықша.
Бұл кеңес 2013 жылы құрылған болатын. Содан бері 5 отырыс өтті, алтыншысы осы болып отыр. Нәтижесі – 42 млрд доллар болатын 107 коммерциялық құжат.
Андрей Лавреньтев, Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы:
- Біздің компания ауылшаруашылық саласындағы көлік құрастыруға машықтана бастады. Ал Қытайдың бұл бағытта үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан мұндай кездесулер керек.
И Нан, кәсіпкер:
- Біздің Қазақстанмен бірлескен алты жобамыз бар. Ол жасыл энергетикаға байланысты. Соның екеуі жүзеге асты. Бірі Қапшағайда, екіншісі Шығыс Қазақстанда орналасқан. Бұл жобаны Қазақстанда жүзеге асыруымыздың себебі – елдің табиғаты. Өте қолайлы. Оның үстіне Мемлекет басшылары бизнесті осылай жақындастыруға үнемі мүдделі.
Мойындау керек, Қытай – өте дамыған мемлекет, әлемдегі екінші экономика. Технологиялық жетістіктері таңғалдырмай қоймайды. Бұл елдегі бизнес – қауымдастықтың таза еңбегі. Олармен жеке жүздескен Мемлекет басшысы: «Әсіресе инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласында байланыстарға баса мән беру керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қытайда цирфландыру 5G, интернет заттар, жасанды интеллект, жасыл энергетика салаларына қатысты әлем мойындаған озық жобалар бар. Біз осы бағыттар бойынша Қытаймен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ өндірілген өнімді шетел нарықтарына бірлесе шығаруға мүдделіміз.
Қытай – алып нарық. Бізге соны тиімді пайдалану керек. Қазақстан Қытайға бидай мен ұн, ет пен тұз да жөнелтеді. Мысалы былтыр Қазақстан бұл елге 550 мың тонна астық асырған. «Бұл көрсеткішті 2 млн тоннаға жеткізуге болады», – дейді Президент. Президенттің ойын министр де қолдайды.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ақтөбе облысынан биыл ет Қытайға кетті. Сондай-ақ майлы дақылдарды да экспортқа шығарып жатырмыз.
Сонымен мемлекеттік сапардың түйініне келсек. Қос Президент бірлескен мәлімдеме жасады, қос тарап 10 құжатқа қол қойды. Соның негізгісі – «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірлесе жүзеге асыру жөніндегі меморандум. Тағы бірі, әуедегі қауіпсіздікке байланысты.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Әуедегі апаттар орын алған сәтте бірігіп қимылдау мақсатында осындай келісімге қол қойылды. Бұл отандық әуе құтқару қызметінің жұмысына өте қажет. Жақын арада ратификацияланып, келісім күшіне енеді.
Білім беру саласында да қос тарап келісімге келді. Атап айтқанда, Қытай Үкіметі Қазақстандық студенттерге грант ретінде суперкомпьютерлер береді.
Мемлекеттік сапары барысында Президент Қытай қоғамдық ғылымдар академиясына барып, дәріс оқыды. 40 жылдық тарихы бар елдегі ең жоғарғы академиялық құрылым қоғамдық әрі әлеуметтік зерттеулермен айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың лекциясын тыңдауға Қытайда оқып жүрген бір топ қазақстандық студенттер де келді. Қазақстан Президентінің дәрісі тек қазақ-қытай қатынасының төңірегінде болған жоқ, Мемлекет басшысы әлемдегі ахуалға да тоқталып өтті.
Жұлдыз Бекбауова, студент:
- Көптеген жаһандық мәселені қозғады. Қазақстандық жастарға көп мүмкіндік жасаған Жолдауын оқыған болатынбыз. Одан хабардармыз. Лекция соның жалғасы деп түсіндік.
Осы академия қабырғасында Мемлекет басшысы өзінің ұстазымен де жүздесті. Лю Шицинь 1983-1984 жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевқа қытай тілін үйреткен. Президент ұстазына деген ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық табыстады.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына сапары жалғасады. Бірақ басқа қалада. Мемлекет басшысы Ханчжоуға барады. Табиғаты мен технологиясы үндескен үлкен қалада Президент атақты Алибабаның бүгінгі бабымен танысады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Асхат Азретханов, Алмас Омарғалиев