Мәжіліс депутаттары 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасымен танысты
94,6 млрд теңгесі 2020 жылы ұстаздардың игілігіне жұмсалуы тиіс. 212 мың оқытушыға біліктілігіне қарай, 30-50% қосымша ақы төленеді. Сыныпқа жетекшілігі үшін 713 мың, ал дәптер тексергені үшін 165 мың мұғалімге төлемақы 2 есеге өсіріледі. Демалыс күні көбейгендіктен, 100 мың ұстазға қосымша ақы қарастырылған. Ал мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігіне, ішкі тұрақтылықты сақтауға, халықты қорғауға 3 жылда 4,3 трлн қаржы бөлінбек. Комитет отырысына шақырылған Ұлттық қоғамдық сенім мүшелері: «Квазимемлекеттік органдарға берілетін қомақты қаражатты қысқарту керек», – дейді. Депутаттар кейбір саланың бюджетте мүлде ұмыт қалғанын да еске салды.
Айгүл Нұркина, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі 3 жылдық бюджетте өңірлерге медициналық жабдықтау, құрылғыларды жаңарту мәселелеріне жыл сайын 40 млрд теңге бөлініп келді. Ал алдағы 3 жылдық құжатта бұл мақсатқа ешқандай қаржы қарастырылмаған. Сонда қалайша толық бір бағыт алынып тасталған?