3 миллионға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді
Мамандардың айтуынша, көгілдір отын ең бірінші Қарағанды облысының Жезқазған қаласы маңындағы Талап ауылына берілмек. Қазір елді мекен ішіне газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.
«Сарыарқа» магистральды газ құбыры Талап ауылының дәл іргесінен өтеді. Сондықтан көгілдір отын бұл елді мекенге бірінші берілмек. Қазір мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы әр үйге газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Думан Қадыров, Талап ауылының тұрғыны:
- Ауылымызға су келген, енді газ келіп жатыр. «Желтоқсан айында беріледі» деген жақсы хабарды естіп жатырмыз. Бұрын көмірдің тоннасын 12 мың теңгеден алатын едік. Енді мынау газ берсе, жылуға шығынымыз азаяды деген ойдамыз.
Қазір мұнда 2 бригада күндіз-түні тынбай еңбектенуде. Көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Кейін станция мен газ желісін қадағалау жұмыстарына да дәл осы ауыл азаматтары тартылмақ. Ол үшін арнайы курстан өтіп, біліктіліктерін жетілдіретін болады.
Айдос Себепов, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Магистральды газ құбыры Талап ауылынан небәрі 2,5 шақырым жерде. Осы аралыққа металл құбырлар, ал көшелерге полимер құбырлар тартып жатырмыз. Сапасы жақсы, кепілдік мерзімі 20 жылға жуықтайды. Жыл соңына дейін ауылға газ береміз. Әрі қарай Жезқазған қаласы мен жақын маңдағы тағы екі елді мекенде жұмыстар басталады.
Мемлекет басшысы өз жолдауында Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларын және Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарын келер жылы көгілдір отынмен қамтуды тапсырған болатын. Бұл мақсатқа қазынадан 56 млрд теңге қаржы бөлінбекші. Жоба бойынша болашақта 5 ірі қала мен 119 елді мекенде тұратын 3 млн.-ға жуық адам табиғи газдың игілігін көреді. Шамамен 6 ай от жағатын бұл өңірлердің барлығы дерлік газға көшкенде экологиялық ахуал да жақсарады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев