Атырауға экотуризм қарқынды дамып келеді
Теңіз атырабындағы ондаған өзен сағасында өсімдіктер мен балықтардың, аң мен құстың алуан түрі кездеседі. Жазғы маусымда мұнда миллиондаған жыл құсы балапан басып, жылы жаққа кері ұшып кетеді. Аңшылар мен балықшылар үшін де таптырмас өлке табиғаты аймақтағы экологиялық туризмнің дамуына сеп болып отыр.
Бір ғана Қиғаш өзенінің сағаларындағы әсем табиғат көріністері мен су жәндіктері, аң мен құсын есепке алса, шағын «Қызыл кітап» деуге болады. Мұнда жер бетінде сирек кездесетін лотос гулдері мен су жаңғақтары да бар. Бүкіл жер шарын айналып келетін жыл құстары да жазда осында тұрақтайды.
Сансызбай Тоғаев, Ақжайық табиғи қорығының инспекторы:
- Біздің жақта неше түрлі құс бар. Соның ішінде оның Қызыл кітапқа енген 36 түрі бар. Мысалы бірқазан, қарабай, үйректің шүрегей деген түрі бар.
Сулы әрі нулы бұл өлкені маусым кезінде құс төресі аққулар да мекен етеді. Қолайлы ортада тез қанаттанып үлгерген ақүрпек балапандарын өргізіп су бетіне шыққанда аспандағы ақ бұлттар айдын көлге қонғандай әсер аласыз. Осындай ғажайып табиғи орта бұл аймаққа туристердің көптеп келуіне бірден-бір септігін тигізіп отыр.
Махамбет Көптілеуов, «Қиғаш» экологиялық туризм базасының басшысы:
- Адамдардың соңғы кездері экологиялық туризмге баса мән беруі мені қатты қуантады. Отбасы, бала-шағаларымен келіп демалып, мына қайталанбас табиғи көріністерге куә болып жатады.
Отандастарымыздың арасында ішкі туризм енді дамып келе жатқанымен, тылсым табиғат аясындағы саяхаттан ләззат алатын шетелдіктер бұл ғажайып мекенді көптен біледі. ТМД мен Еуропа елдерінен келетін туристерді айтпағанның өзінде Америка, Африкадан арнайы келетін қонақтар да бар екен. Ал алыстан ат арылтып келетін меймандар үшін аймақтағы 5 туристік орталық өкілдері талапқа сай сервистік қызмет көрсетеді.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы