Қарашадан бастап жастарға тұрғын үй жалға беріледі
Мамандар мемлекеттік бағдарлама аясында баспана алудың шарттарын түсіндірді. Жұмыс істеп жүрген жасы 29-дан аспаған жастарға қалада жаңадан бой көтерген үйлерден пәтер ұсынылады. Бірақ оны сатып алу құқығы болмайды және бес жылға дейін беріледі. Демек, баспананы арзан бағаға жалдау арқылы жастар өз пәтеріне қажетті қаржыны жинауға мүмкіндік алады. Алғашқы жалдамалы 249 пәтердің кілті келесі айдың соңында табысталады. Оған қалада тіркеуде тұрған және баспанасы жоқ азаматтардың үміт артуына болады. Құжат жинау 23 қыркүйектен 6 қазанға дейін жалғасады.
Өтініш берушіге қажетті құжаттар: жеке және неке куәлігінің, сондай-ақ балаларының туу туралы куәлігі мен диплом көшірмесін, жылжымайтын мүлкі жоқтығын растайтын, жұмыс істейтіндігін растайтын және соңғы алты ай ішіндегі табысы көрсетілген анықтама алуы қажет. Кірісі 101 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Сонымен қатар банкте шотының болуы ескеріледі, ондағы ақшаның сомасы әрі қанша және қалай қаржы салынатындығы да назарға алынады.